Қазақстанда мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге арналған білім беру мазмұнына ауқымды өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларын оқыту әдістемесі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, тілдік пәндердің құрылымы толықтай қайта қарастырылды. Енді «Әліппе» пәніне дейінгі дайындық кезеңі 12 сағатқа ұзартылып, «Әліппе» сабағын меңгеруге 84 сағат бөлінеді. Ал «Ана тілі» пәні бірінші сыныптың екінші жартыжылдығынан бастап жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік тілді алғаш рет үйрене бастаған балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы қолданысқа енгізіліп отыр.
Бұл бастаманың басты мақсаты – оқу материалдарының сабақтастығын нығайту және балалардың жас ерекшеліктеріне сай келмейтін ауыр тақырыптарды жеңілдету. Нәтижесінде оқу, жазу, сондай-ақ математикалық және функционалдық сауаттылықтың берік іргетасы қаланады. Жаңартылған жүйе кезең-кезеңімен іске асырылады: 2026 жылы оқушылардың 50%-ы, 2027 жылы 89%-ы, ал 2028 жылы 100%-ы толық қамтылады. Ведомство мамандарының болжамынша, аталмыш өзгерістер арқылы тілдік пәндер мен математика бойынша білім көрсеткіші 2027 жылы 15%-ға, ал 2028 жылдың соңында 35%-ға дейін артады.
«Жетісу-Ақпарат»





