Кәсіпте 25 жылдан астам тәжірибесі, балықтан түрлі тағам әзірлеудегі мол білімі және жергілікті шикізатқа деген шынайы сүйіспеншілігі Райхан Мадибаеваға кәсіпкерлік жолға қадам басуға негіз қалады.
Бүгінде кәсіпкер табиғи балықтан өнім өндіріп, тауар түрін кеңейтіп, жергілікті шикізат мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу арқылы кәсібін дамытып келеді. Кәсіпкердің балық өнімдерін өндірумен айналысқанына бір жылдан асты. Ол мейрамханада аспазшылықпен айналыса жүріп, балық өңдеудің қыр-сырын жетік меңгерді. Сондай-ақ сапалы әрі табиғи өнімнің нарықта қаншалықты сұранысқа ие екенін білді.
– Маған балықтан түрлі тағам әзірлеу ұнайды. Алакөл ауданына қоныс аударғаннан кейін өз кәсібімді ашуға нық шешім қабылдадым, – дейді кәсіпкер.
Осы кәсіпті таңдауы да заңды. Өйткені Алакөл өңірі ежелден су байлығымен танымал. Жергілікті шикізат кәсіпкер үшін жай ғана өнім емес, болашақ өндірісінің негізгі тірегіне айналды. Қазір ол дәмі тіл үйіретін, жағымды хош иісі бар балық түрін ыстап, өнім жасайды. Сонымен бірге жаңа тауар түрлерін шығарумен де айналысады. Ол өнімдер қатарында мұздатылған балық, жартылай фабрикаттар мен котлеттер де бар. Сондай-ақ жеке тапсырыстар бойынша түрлі тағам әзірлеп, мерекелік дастарқанды безендіру де сұранысқа ие бағыттардың бірі болды.
Кәсіп иесі өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, өз тәжірибесі мен жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Осы жерде ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының мүмкіндіктері жайында ақпарат алды.
– Мұндай бастамалар жан-жақты қолдауға ие. Біздің міндет – кәсіпкерлерге идеядан бастап оны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі жолда қолдау көрсету және жаңа деңгейге шығуына қажетті серпін беру, – дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев.
Жобаға қатысу Райхан Мадибаеваға өз өнімдерін кеңінен таныстыруға және өндірісінің даму мүмкіндіктеріне жаңаша көзқараспен қарауға жол ашты. 2026 жылы ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері қатарынан орын алды. Бүгінде кәсіпкердің тәжірибесі ісінің дамуына қызмет етіп келеді. Біраз жылғы еңбек нәтижесінде жиналған білімі мен дағдасы сұранысқа ие балық өнімдерін өндіруге бағыттап, өзіндік өңірлік бренд қалыптастыру жолында жұмыс істеуде. Сүйікті істі кәсіби шеберлікпен ұштастыра отырып, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалана білу шағын өндірісті тұрақты әрі болашағы бар кәсіпке айналдыруға мүмкіндік береді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





