Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы бағытта жаңартылатын энергетиканы дамытуға басымдық берілуде. Су, жел және күн энергиясын тиімді пайдалану – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетігі.
Электр энергиясына сұраныстың өсуіне байланысты шағын су электр стансыларын (СЭС) салу мәселесі де өзекті бола түсті. Әсіресе таулы аймақтардағы өзендердің табиғи әлеуетін пайдалану арзан электр энергиясын өндіруге әрі шалғай елді мекендердің энергиямен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде жалпы қуаты шамамен 313 МВт болатын 43 шағын және орта су электр стансысы жұмыс істейді. Үкіметтің жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін қосымша 660 МВт гидроэнергетикалық қуат іске қосылмақ.
Шағын СЭС-тердің артықшылығы – ірі бөгеттерді қажет етпей, табиғи су ағынын пайдалануында. Олар көмір мен газға тәуелділікті азайтып, пайдалану шығыны төмен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Алайда өзен суының маусымдық өзгеруі өндірілетін қуатқа әсер ететіндіктен мұндай жобалар алдында гидрологиялық зерттеу жүргізу міндетті.
Облысымыз гидроэнергетиканы дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Жоңғар Алатауынан бастау алатын Қаратал, Ақсу, Лепсі, Басқан, Көксу, Қорғас және басқа да тау өзендерінің әлеуеті жоғары.
Өңірде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын бірқатар нысан жұмыс істейді. Алакөл, Ескелді, Қаратал, Сарқан, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында су, жел және күн энергиясын өндіретін нысандар бар. Алдағы уақытта олардың қатары көбейе түспек.
Панфилов ауданында магистральдық каналдарға қуаты шамамен 2 МВт болатын бірнеше шағын СЭС салу ұсынылған. Болашақта салынатын су қоймаларының техникалық мүмкіндігі сәйкес келсе, олардың жанынан да шағын гидроэлектр стансыларын орналастыруға болады. Бұл су шаруашылығы нысандарының тиімділігін арттырып, электр энергиясын өндіруге, сырттан келетін қуатқа тәуелділікті азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қорғас өзенінің Аяққұншан су тармағында орналасқан «Нұрлы-Шырақ» шағын су электр стансысының тарихы да назар аударарлық. Нысанның құрылысы 2010-2014 жылдары жүргізілгенімен техникалық себептерге байланысты пайдалануға беру кейінге шегерілді. 2021 жылы стансыны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жобалық қуаты – 2 МВт.
Нысанды іске қосуға «Еспо-Лайк» ЖШС мамандары атсалысып, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «МНТО ИНСЭТ» Ақ-нан төрт агрегат сатып алынған. Әр агрегаттың жобалық қуаты – 0,5 МВт. Есеп бойынша стансы жылына 9,85 млн. кВт/сағат электр энергиясын өндіруге тиіс. Стансы толық қуатында жұмыс істеген жағдайда Басқұншы ауылдық округін, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығын, «Нұр жолы» өткізу бекетін және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын электр энергиясымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады деп болжанған.
Стансыны қайта іске қосу үшін «Қазсушар» РМК мамандары Арменияға барып, осындай нысандардың тәжірибесімен танысты. Кейін нысан сараптамадан өткізіліп, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 29 млн.теңге жұмсалып, қажетті жұмыстар жүргізілді.
Алайда стансы жобалық қуатына толық шыға алмады. Бұған тау өзенінен келген құм мен тастың көлбеу орнатылған турбиналардың жұмысына кедергі келтіруі себеп болған. Мамандардың пікірінше, мұндай өзендерде агрегат таңдағанда су ағынымен бірге келетін шөгінділерді ескеріп, тиімді технологиялық шешім қолдану қажет. Бұл алдағы СЭС жобалары үшін ескеретін маңызды тәжірибе.
Жаркент өңірінде шағын су электр стансысын өз күшімен салып, пайдалануға ниетті кәсіпкерлер де бар. Бұл жергілікті жерде гидроэнергетикаға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Бұған отыз жылдай бұрын Үшарал ауылдық округіндегі «Аламай» ЖШС-нің бұрынғы төрағасы, бас инженері Амангелді Алмабековтің тәжірибесін де мысал етуге болады. Ол өз қолымен электр энергиясын өндіретін агрегат жасап, оны қара суға орнату арқылы шалғайдағы қожалығын электр қуатымен қамтамасыз еткен.
Электр энергиясына сұраныс артып отырған кезеңде аймақтағы тау өзендерін тиімді пайдалану – уақыт талабы. Шағын СЭС-тер шалғай елді мекендер мен өндіріс орындарын жергілікті энергиямен қамтуға, жаңартылатын энергия үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Ендігі міндет – әр жобаны ғылыми негізде жоспарлап, өзендердің гидрологиялық ерекшеліктерін мұқият зерттеу, тиімді технология таңдау және инвестиция тарту. Жаңа су қоймасы мен канал салынғанда электр энергиясын өндіру мүмкіндігін де қатар қарастырған жөн.
Облыстың тау өзендері – өңір экономикасы мен энергетикасын дамытуға қызмет ететін табиғи ресурс. Оны ұтымды пайдалану – бүгіннің ғана емес, келешектің де маңызды міндеті.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





