Талдықорған қаласында жастар арасындағы есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған «Anti-Drug Volunteers Academy Gamification» антинаркотикалық волонтерлік оқыту курсы өтті.
Мұндағы мақсат – жастар арасында нашақорлықтың алдын алудың кешенді жүйесін қалыптастыру, қауіпсіз орта құру, ата-аналар, педагогтер және қоғам өкілдерін профилактикалық жұмыстарға тарту, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына тосқауыл қою. Жоба аясында геймификация элементтерін пайдалана отырып, заманауи антинаркотикалық волонтерлік жүйені дамыту керегі сөз болды. Жиында Жетісу облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексентова аталмыш бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Шарада облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дастан Мырзақұлов есірткі заттарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, тарату, жарнамалау және насихаттауға байланысты жауапкершілік жөнінде ақпарат берді. Қатысушыларға кинологиялық қызмет мамандарының оқу-тәжірибелік көрсетілімі де ұсынылды.
Жоба наркологі Талшын Мұхамеджан психобелсенді заттардың адам ағзасына әсері, тәуелділіктің белгілері және медициналық көмекке жүгіну тәртібіне тоқталды. Ал психолог Сәния Әбдікәрім жастардың психологиялық ерекшеліктері мен қауіп тобындағы адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдері туралы айтты. «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы еріктілік мәдениеті мен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Жоба жетекшісі Жансерік Байденов геймификация тетіктері арқылы волонтерлердің белсенділігін арттыру, тапсырмалар, ұпайлар, деңгейлер мен марапаттау жүйесін қолдану тәсілдерін таныстырды. Шара барысында қатысушылар командаларға бөлініп, әлеуметтік идеялар жәрмеңкесіне қатысты.
Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ пен «Аяулы алақан» қоғамдық қорының қолдауымен іске асырылуда.
Әділет АЛМЕКЕЕВ,
«Zhetysu Digital AntiDrug Hub»
көпфункционалды орталығының
PR қызметті үйлестірушісі





