Жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз қаржылық операцияларға пайдаланудың алдын алу үшін жаңа шара енгізу ұсынылды. Құрылтай отырысында депутат Дидарбек Ділдәбек 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден жоғары сомадағы жеке аударымдарына қосымша биометриялық сәйкестендіру енгізуді ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Депутаттың пікірінше, мұндай талап жастарды дропперлікке тарту қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Дропперлер деп өздерінің банк карталарын, шоттарын немесе есептік деректерін үшінші тұлғаларға заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін беретін адамдарды айтады.
Дидарбек Ділдәбек депутаттық сауалында жастардың осы қылмыс түріне тартылуына қатысты статистикаға да тоқталды.
«2026 жылғы маусымның басындағы құқықтық статистика бойынша аяқталған дропперлік істерде 214 адам күдікті ретінде өткен. Олардың 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Құқық бұзушылық жасалған кезде олардың 140-ы жұмыссыз болған», – деді депутат.
Оның айтуынша, мәселені тек қылмыстық жауапкершілік арқылы шешу жеткіліксіз. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік қолдауы да назарда болуы қажет.
Депутат жастардың есірткі қылмыстарына тартылуына да алаңдаушылық білдірді. Оның келтірген дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде 67 кәмелетке толмаған жасөспірім сотталған.
Ұсынылып отырған биометриялық сәйкестендіру әзірге қолданыстағы талап емес. Бұл – жастардың қаржылық операцияларын бақылауды күшейтуге бағытталған депутаттық ұсыныс. Мәселенің өзектілігі банк картасын немесе шотын басқа адамға берудің салдарын толық түсінбейтін жастардың дропперлік схемаларға тартылу қаупімен байланысты. Қылмыстық топтар мұндай адамдардың есепшоттарын заңсыз ақша аударымдарын жүргізу үшін пайдалануы мүмкін.





