Күздің қара суығы сезіліп, үйлерге пеш жағылған тұста қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударған жөн. Әсіресе қатты отынмен жылытылатын баспаналарда пеш пен мұржаның ақаусыздығы, электр желісінің қауіпсіздігі, газ жабдықтарының талапқа сай пайдаланылуы адам өмірімен тікелей байланысты.
Облыста осы бағыттағы профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері өңірде 306 өрт тіркеліп, салдарынан 10 адам қаза тапқан. Тағы 8 адам түрлі жарақат алған. Көміртек тотығынан улану салдарынан 3 адам көз жұмған.
Аймақта осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында азаматтық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және еріктілер тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірлесе әрекет етуде.
Профилактикалық шаралар, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін қамтуға бағытталған. Облыс бойынша есепте 6937 әлеуметтік осал отбасы бар. Оның ішінде 2681-і көпбалалы отбасы болса, 1450 отбасы аз қамтылған санатқа жатады. 1763 отбасында мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Сонымен қатар 1043 жалғызбасты зейнеткер есепте тұр. Бұл отбасылардың барлығы алғашқы аралау барысында қамтылады. Қазір профилактикалық жұмыстың екінші кезеңі жүргізілуде.
Талдықорған қаласында да мұндай рейдтер тұрақты жалғасып келеді. Кезекті шараға қалалық төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Мамандар тұрғын үйлерге барған кезде пештер мен мұржалардың, түтін арналарының және жылыту жабдықтарының жағдайын тексерді. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Түтін мен көміртек тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатты.
Еркін ауылының тұрғыны Алтынай Искакова баспанасын қатты отынмен жағылатын пеш арқылы жылытады. Сондықтан мұндай құрылғының отбасы үшін маңызы зор екенін айтады.
– Бүгін мамандар үйіме арнайы құрылғы орнатып берді. Баспанамыз пешпен жылытылатындықтан датчиктің болғаны өте маңызды. Енді өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Үйде түтін пайда болған жағдайда құрылғы бірден белгі береді. Жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарға жасап отырған қамқорлығына ризамыз, – дейді ол.
Профилактикалық шара аясында Талдықорғандағы әлеуметтік осал тұрғындардың үйлеріне барлығы 12 датчик орнатылды. Оның жетеуі көміртек тотығын анықтайтын құрылғы болса, бесеуі түтінді анықтауға арналған. Бұдан бөлек, бес тұрғын үйдің мұржасы тазартылды.
Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау лейтенанты Арнұр Сейткамалдың айтуынша, орнатылған құрылғылар сертификатталған әрі қолдануға ыңғайлы.
– Датчиктер автономды қуат көзі арқылы жұмыс істейді. Оның қуаты шамамен бір жылға жетеді. Батареяны ауыстыру қажет болған кезде құрылғы алдын ала арнайы белгі береді. Негізгі міндеті адамға қауіпті жағдайды дер кезінде ескерту, – дейді маман.
Осы күні өрт қауіпсіздігімен қатар газды қауіпсіз пайдалану мәселесіне де айрықша көңіл бөлініп отыр. Талдықорған қаласында 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 430-ы, яғни 20 001 пәтер табиғи газға қосылған. Ал 118 көппәтерлі үйдегі 2318 пәтер сұйытылған газ пайдаланады. Қала бойынша барлығы 41 785 тұрмыстық газ тұтынушы тіркелген. Оның ішінде 21 784 жеке тұрғын үй және көппәтерлі үйлердегі 20 001 пәтер бар. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың саны 610-ды құрайды.
Газ жабдықтарының қауіпсіздігіне жауапты мониторингтік топтың құрамына тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының, «Тавиди» ЖШС және «Жетісугаз» корпорациясы» АҚ мамандары енген.
Тек 2026 жылдың өзінде қала аумағында 46 ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізілген. Мамандар жеке тұрғын үйлерді, көппәтерлі тұрғын үйлерді, қоғамдық тамақтану орындары мен газ құю стансыларын аралап, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндірді. Сонымен бірге газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді уақытылы жүргізудің, тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтаудың маңызы да айтылды.
Көппәтерлі үйлердегі қауіпсіздікке де ерекше назар аударылуда. Екі қабаттан биік ғимараттарда сұйытылған мұнай газын тұрмыстық газ баллондарында пайдалануға және сақтауға тыйым салынған.
– Жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында тұтынушылар арасында профилактикалық рейдтер жүргіземіз. Мұндай шаралар барысында газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптары мен тиісті құрылғыларды орнатудың маңызы түсіндіріледі. Техникалық қызмет көрсету жұмыстарын мамандандырылған ұйымдар жасалған келісімшарт негізінде жүргізуі тиіс, – дейді «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының ауысым инженері Әділет Нүсіпқали.
Үйлердегі қауіпсіздікті арттыру жұмыстары облыстың барлық аумағында жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көміртек тотығы мен түтінді анықтайтын 1559 датчик сатып алу мәселесі қарастырылуда. Қазіргі таңда өңірде осындай 196 құрылғы орнатылған. Профилактикалық жұмыстың тағы бір маңызды бағыты тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған. Облыстың тұрғын үй секторында 529 жиналыс өткізіліп, 266 нұсқама ұйымдастырылған. Сонымен бірге алты брифинг өтіп, жалпы саны 18 мыңнан астам адам қамтылған. Өрт сөндіру бөлімдерінде тұрғындар үшін 105 экскурсия ұйымдастырылған.
Өрт қауіпсіздігі талаптары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түсіндіріліп келеді. Осы уақытқа дейін 1882 ақпараттық материал жарияланған. Оның ішінде мерзімді басылымдарда 135 мақала, телеарналарда тоғыз сюжет, радиода 210 хабар және әлеуметтік желілерде 1528 жарияланым жарық көрген екен.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі де бар. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша облыстағы өрт саны 29 пайызға, ал қаза болғандар саны 35 пайызға азайған. Дегенмен мамандар қауіпсіздік мәселесінде босаңсуға әлі ерте екенін ескертеді. 2026 жылдың басында тіркелген өрттер мен көміртек тотығынан улану жағдайлары қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жетісу аймағындағы профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.
Медет ЖҰМАБАЙ





