Хал сұрасқанда әуелі «Мал-жаныңыз аман ба?» деп сөз бастайтын ел екеніміз әмбеге аян. Төрт түлік турасында қазақты сөйлетсең, жастана оқитын талай кітаптың негізі болар ұлағатты сөз шығады. Өйткені, еті мен сүті дертке дауа, бейнеті мен зейнеті дәтке қуат төрт түлік өсіру сахараны мекендеген халықтың шежірелі тұрмысы болды. Жылдың әр мезгілінде малының ыңғайына қарай өмір сүрді. Ал қазір уақытқа сай тұрмыс өзгерді. Дейтұрғанмен, қазекем атакәсіптен ажыраған жоқ. Мал шаруашылығы әлі де экономиканың негізгі тірегі болып отыр. Осы ретте ауыл шаруашылығы маңызды күретамыр саналатын Жетісу өңірінде төрт түліктің саулығын қалыптастыруға ерекше ден қойылған. Әсіресе, облыс басшылығының айрықша назар аударуының нәтижесінде ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы нығайып, инфрақұрылымы дамып, ветеринариялық пункттер мен стансылардың желісі кеңейіп келеді. Бүгінде бұл өзгерістер, әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Мұнда тұрғындар мен шаруа қожалықтарының иелері үшін ветеринариялық көмек қолжетімді бола түсуде.
Саланың дамуы түсінгенге азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сапалы өнім тұрғындардың саулығына тікелей байланысты. Турасын айтқанда, төрт түліктің саулығы – ұлттың саулығы. Осыны ескерген, өңірдің атқамінерлері ветеринария саласын дамыту мен жан-жақты қолдауды күшейткен. Салаға ерекше көңіл бөлінуде. Ал төрт түліктің саулығын қалыптастыру үшін жануарларды вакцинациялау аздық етеді. Салаға қажетті мамандар тарту, заманауи инфрақұрылым құру, цифрландыру, қажетті жабдықтармен қамту жануарларды бірдейлендіру және ауылдық елді мекендердегі ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар аса қажет. Бұл ретте өңірде ауыз толтырып айтар жетістік бар.
Ветеринария саласындағы негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында жүргізілетін вакцинация және диагностиканы қоса алғанда, негізгі ветеринариялық іс-шаралардың барлығы бірдейлендіруден өткен жануарлардың нақты санына негізделеді. Қазір облыста ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасында 2,9 миллиондай бас тіркелген. Оның ішінде 580 мың бас ірі қара, 2 млн. басқа жуық ұсақ мал, 250 мыңдай жылқы, 3 мыңдай түйе бар. 2026 жылға бекітілген жоспарға сәйкес 850 мың жас төлді бірдейлендіру көзделген. Ал қазан айындағы көрсеткішке сүйенсек, 872 мың бас жас төл бірдейлендіріліп, деректер базасына енгізілген. Тоғыз айлық жоспар 824 мыңға жуық басты құраса, орындалу көрсеткіші 106 пайыз болды.
Мал ауруын құрықтау төрт түлік басын аман сақтаудағы негізгі шара. Өңірде аса қауіпті жұқпалы аурудың 14 түрі бас көтермес үшін 12 млн. дозаға жуық вакцина салу көзделген. Ал өткен тоғыз айда жоспарланған жұмыс 90 пайыз орындалып, жануарларға 8,8 млн. доза екпе салынған. Ал сала мамандары профилактикалық жұмыстармен қатар жиі-жиі диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізіп, жануарларды бірдейлендіруде. Дегенмен, мамандар атқарылған жұмыстар жемісті болуы тікелей мал иелеріне де байланысты екенін алға тартуда. Сол үшін бұқараға түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіліп, вакцинацияның, жануарларды бірдейлендірудің және ветеринариялық талаптарды сақтаудың маңызы жан-жақты таразыланады.
Осындай көрсеткішке қол жеткізудің жай-жапсарын білу үшін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаевты сөзге тарттық. Оның айтуынша, 2023-2026 жылдары облыстық бюджеттен ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және саланың инфрақұрылымын дамытуға 2,9 млрд. теңге бөлініпті. Аз сома емес. Басқарма басшысы осындай қаражатқа атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді.
Бөлінген қаражаттың 1,2 млрд. теңгесіне ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, арнайы көліктер, негізгі құралдар және заманауи компьютерлік техника сатып алынды. Барлығы ветеринариялық ұйымдарға 83 арнайы автокөлік берілді, – деді Нұрлан Жамаубаев.
Шыны керек, қазір ауылдық жерде бұрынғыдай велосипедпен жүрген мал дәрігерін көрмейсің. Мамандар заманауи көліктерді тізгіндеген. Елді мекендер мен шаруашылықтардың арасындағы қашықтықтың үлкен болуы мамандардан мобильділікті және қажетті нысанға жедел жету мүмкіндігін талап етеді. Сонымен қатар ветеринариялық қызмет мамандарының жұмысын цифрландыру және ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында 217 компьютер мен 238 планшет сатып алынды.
Шыны керек, саладағы ең ауқымды жұмыс бұл емес. Бес-алты жыл бұрын өңірде ветеринариялық инфрақұрылымның жағдайы мәз емес-тін. Турасын айтайық, мүшкіл күйде еді. Қазір жай басқа. Өйткені өңірде бюджет қоржынынан ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту аясында 1,4 млрд. теңге қаралды. Бұл қаражат 82 ветеринариялық пункт пен 5 ветеринариялық стансы салуға бағытталды. Келер жылы бюджеттен 906,5 млн. теңге қарастырылады. Сала мамандары осынша сомаға өңір бойынша мал қорымы салынатынын және сатып алу жұмыстары жүргізілетінін алға тартуда.
Мұндағы төрт түлік пен оның саулығын қамтамасыз ету жұмыстары турасында Ескелді ауданының бас мал дәрігерімен тілдестік. «Жетісу облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ветеринариялық пункттері бар Ескелді ауданының ветеринариялық стансысы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Фарнуш Намысбаев саладағы қолайлы жағдайды баяндап берді. Айтуынша, қазір жануарлардың денсаулығын және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ешқандай қолбайлау жоқ, нәтижелі жұмыс үшін бар жағдай қарастырылған.
Ветеринария – ауыл шаруашылығының өте маңызды бағыты. Бұл саланың негізгі міндеттерінің бірі – жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ халыққа сапалы әрі қауіпсіз өнім жеткізуге жағдай жасау. Жануарлардың денсаулығын сақтау, сондай-ақ олардан алынатын шикізат пен өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыс аудан тұрғындарының денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызға ие, – дейді Фарнуш Намысбаев.
Басшының айтуынша, Ескелді ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының деректер базасында 46 мыңға жуық мал басы тіркелген. Мұнда бекітілген жоспарға сәйкес вакцинация бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Сонымен қатар диагностикалық және зертханалық зерттеулер, жануарларды бірдейлендіру және ветеринариялық анықтамалар беру жұмыстары атқарылады екен.
Ауданда ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 2022 жылы аудандық ветеринариялық стансысына күрделі жөндеу жүргізілген. Облыс әкімдігінің қолдауымен мұндағы ауылдық округтерінің бәріне ветеринариялық пункт салынып, пайдалануға берілген. Биыл Ақын Сара және Жалғызағаш елді мекендерінде профилактикалық іс-шараларды жүргізуге арналған қора-жай (расколдар) салынған. Шыны керек, аудандағы алғашқы ветстансы Жалғызағаш ауылдық округінде 2023 жылы бой көтерді. Бірақ, мал дәрігерлері өрістегі төрт түлікке ем-дом жұмыстарын жүргізуде біршама қиындыққа тап болып жүрген. Профилактикалық іс-шаралар қолдан уақытша соғылған қораға қамалып, жүзеге асырылатын. Ол қора-жайы табын-табын сиырға, үйір-үйір жылқыға шыдас бермей мамандарды әбігерге салатын. Жаңадан пайдалануға берілген қора-жай барлық қажеттілікті өтеп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл нысан профилактикалық іс-шараларды жүргізуге ғана емес, ауыл тұрғындары төрт түлігін көлікке артуына да пайдаланатынын алға тартып отыр. Жалпы, ауыл тұрғындары жайылымға шығаратын малды топтастыру, вакцинация жүргізу, сондай-ақ қараусыз малды уақытша ұстау үшін облыста дәл осындай 16 қора-жай салынған.
Ескелді ауданына қарасты Төлеңгіт ауылының тұрмысы да ауыл шаруашылығына негізделген. Мұндағы ағайын төрт түлікті өрістетіп күнелтуде. Солардың бірі – Бақыт Түкебаев. Мал шаруашылығын түлеткен ауыл тұрғынының айтуынша, жаңа ветеринариялық пункттің салынуы ауыл өміріндегі елеулі оң өзгерістердің бірі.
Соңғы уақытта біздің ауылда бірқатар оң өзгерістер болып жатыр. Соның бірі – жаңа ветеринариялық пункттің салынуы. Қазір халыққа қызмет көрсетіп жүрген ветеринариялық дәрігерлердің жұмысына ризамыз. Жануарларға қажетті дәрі-дәрмектер уақытылы жеткізіледі, қажетті ветеринариялық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Көктемгі және күзгі кезеңдерде түрлі ауруларға қарсы малдарды вакцинациялау да ұйымдастырылады. Мемлекеттің ауыл шаруашылығына көрсетіп отырған қолдауын да сезініп отырмыз. Ауылға деген көңіл және ауыл тұрғындарына көрсетілетін көмек жыл сайын артып келеді. Мұның бәрі ауылды дамытуға және тұрғындардың шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік береді, – дейді ауыл тұрғыны.
Заманауи техника, жаңа ғимараттар мен цифрлық шешімдер тиімді жұмыс істеуге негіз қалыптастырғанымен ветеринариялық қызметтің басты буыны болып бұрынғыдай маман қала береді. Сондықтан облыста мамандықтың мәртебесін көтеру, тәжірибелі кадрларды сақтау және жас мамандарды тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Ал еңбекке лайықты жағдай жасау, көлікпен, заманауи құрал-жабдықтармен және ғимараттармен қамтамасыз ету саланың кадрлық әлеуетін сақтауға ықпал етуі тиіс
Шынтуайтына келгенде, өңірде ветеринариялық қызметі жүйелі түрде дамып келеді. Мал басы бірдейлендіріліп, вакцинация жүргізілуде, диагностикалық жұмыстар жетілдіріліп, жаңа пункттер мен стансылар салынуда, көлік жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізілуде. Бұл салаға ғана жасалған қолдау емес, түптеп келгенде атакәсіпті тұрмысқа арқау еткен ауыл тұрғындарын қолдау. Төрт түліктің саулығы – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының һәм ауыл болашағының жарқын болмағының негізі.
Дастанбек САДЫҚ





