Сингапурда өткен халықаралық жиында әлемге танымал АҚШ инвесторы елордамыз бен жаңа цифрлық шаһар жобасының зор әлеуетін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сингапурдің ең еңселі Marina Bay Sands кешенінде ұйымдастырылған The Network State Conference 2026 халықаралық конференциясында әлемдік IT-стратег, Coinbase биржасының бұрынғы технологиялар жөніндегі директоры Баладжи Сринивасан маңызды мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде Астана қаласын «келесі Дубай немесе Сингапур» деп бағалады. Белгілі инвестор Қазақстан елордасының ерекше таза, таңғажайып әрі өте көрікті екенін айтып, оның болашағына жоғары баға берді. Мұндай абыройлы сарапшының халықаралық минберден еліміз туралы жылы лебіз білдіруі Қазақстанның әлемдік цифрлық картадағы беделін арттыра түседі.
Жиынға IT сапасы мен криптоиндустрияның ең ықпалды өкілдерінен тұратын 3500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың арасында капиталдануы 300 млрд доллардан асатын Ethereum блокчейн желісін құрушы Виталик Бутерин, 300 млн-нан астам пайдаланушысы бар әлемдік Binance криптоплатформасының басшысы Ричард Тенг және Polychain Capital крипто-венчурлік қорының негізін қалаушы Олаф Карлсон-Ви сияқты беделді тұлғалар болды. Мұндай деңгейдегі сарапшылардың бір алаңда бас қосып, Қазақстанның бастамаларын талқылауы еліміздің халықаралық аренадағы жаңа жетістігін көрсетеді.
Шара барысында Баладжи Сринивасан жиналған әлемдік инвесторларды Алматы облысында бой көтеріп жатқан Alatau City жобасына қаржы құюға шақырды. Ол бұл орталықтың цифрлық экономика мен технологиялық даму тұрғысынан зор мүмкіндікке ие екендігін баса айтты. Бұл ретте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жаслан Мадиевтің еңбегін ерекше атап өткен абзал. Оның белсенді жұмысы мен Сринивасан сияқты жаһандық сарапшылармен орнатқан тығыз байланысы арқасында Отанымыз әлемдік технократтардың назарына ілікті.
Еліміздің цифрлық хабқа айналуы мен Alatau City сияқты ауқымды жобалардың жүзеге асуы ұлттық экономикаға миллиардтаған инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Бұл бағыт Қазақстанды тек шикізатқа тәуелді ел емес, озық технологиялар мен инновациялар орталығы ретінде танытуға даңғыл жол ашады. Тұрақты инфрақұрылым құру мен цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы біз жас мамандардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасаймыз.





