Өнердің өз тілі бар. Ол кейде ән болып жүрекке жетсе, кейде күй болып көңілдің тереңіне бойлайды. Туған жердің қадірін әуенге қосып, елдің рухын өнерімен асқақтатқан тұлғалардың орны әрдайым бөлек. Сондай өнер иелерінің бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, күйші, композитор Бақберген АСҚАРБЕКОВ. Өмірін ұлттық өнерге арнаған дарын иесінің жетпіс жылдық мерейтойына орай Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Жетісуым – мекенім» атты шығармашылық кеш өтті.
Бұл кеш – бір адамның мерейтойын атап өту ғана емес, тұтас бір өңірдің музыкалық шежіресіне айналған өнер жолына тағзым.
Бақберген Асқарбеков 1956 жылдың 15 қыркүйегінде Жаркент өңірінде дүниеге келген. Оның өнерге деген құштарлығы ерте оянып, 1972 жылы «Шаған», «Көксу» ансамбльдері мен Көксу аудандық халық театрының құрамында шығармашылық жолын бастады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының музыка факультетін тамамдаған жас өнерпаз 1979 жылдан бастап облыстық филармония ұжымында үздіксіз еңбек етіп келеді. Оның кәсіби өнердегі қалыптасу кезеңі ұлттық музыкаға жаңаша серпін берген көрнекті тұлғалардың шығармашылық дәстүрімен сабақтасты. 1983 жылы Құрманғазы атындағы республикалық байқауда лауреат атануы – жас музыканттың талантына берілген жоғары баға еді. Сол байқауда қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтен бата алуы да оның өнер жолындағы айрықша белеске айналды.
Ұстаздан алған өнеге мен ұлттық өнерге деген адалдық Бақбергеннің шығармашылығына тереңдік дарытты. Ол әншілік пен күйшілікті қатар алып жүріп, композиторлық қырынан да танылды. Бүгінде оның қоржынында 170 ән мен 25 күй бар. Әр туындының астарында туған жерге деген сағыныш, елге деген сүйіспеншілік, ұлттық болмысты ұлықтау секілді асыл мұраттар жатыр.
Өнерпаз Қазақстан шеңберімен шектелген жоқ. Ол Австрия, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина сахналарында өнер көрсетіп, қазақ музыкасын шетелдік тыңдарманға танытты.
Мерейтойлық кештің шымылдығы ақын Гүлбақыт Қасеннің сөзіне жазылған «Жетісуым – мекенім» атты музыкалық туындымен ашылды. Туған өлкенің табиғатын, тарихын, рухани байлығын әуен тілімен өрнектеген шығарма кештің мазмұнын айқындап берді. Сахна төрінде мерейтой иесімен бірге Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі мен камералық хор өнер көрсетті. Әуендердің бірде шалқып, бірде толқып, бірде терең ойға жетелейтін әуезі көрерменді ұлттық музыканың бай әлеміне жетеледі.
Дирижер Әли Аспысбаевтың басқаруындағы оркестр мен Ардақ Исмағұлова жетекшілік ететін камералық хордың орындауындағы туынды кештің көркемдік қуатын арттырды. Ал Медет Есбергенов дирижерлік еткен оркестр «Шабыт», «Жолбарыс би, Қабан жырау, Ескелді, Балпық бабалар», «Құрманғазы, Дина апам», «Атамекенді аңсау» күйлері арқылы тыңдарманды қазақтың дәстүрлі музыкасына тән тереңдік пен кең тынысқа бөледі. Жомарт Текебаевтың орындауындағы «Ақмарал» әні де кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды. Ал Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Аққу» шығармасын мерейтой иесінің өзі орындағанда, сахна мен зал арасындағы рухани үндестік айқын сезілді. Бұл – жай ғана күй орындау емес, ұлы ұстаздың өнеріне деген құрметтің, одан алған тағылымға деген адалдықтың көрінісі еді. Одан кейін орындалған Бақбергеннің «Нұрғисаға сағыныш» атты авторлық күйі осы сезімді одан әрі тереңдете түсті.
Кештің ең бір тағылымды тұсы – мерейтой иесінің өз орындауындағы әндер топтамасы болды. «Мен әкемнің ұлымын», «О, адамдар, тоқтаңдаршы» секілді мазмұнды шығармаларынан бастап, лирикалық «Көк көбелек» пен «Мадинаға» дейінгі әндер Бақбергеннің орындаушылық ауқымын, сезім иірімдерін дәл жеткізе алатын шеберлігін танытты. Оның өнерінде әннің әуезі ғана емес, айтылар ойдың салмағы да бар. Бірде тыңдарманын толғандырса, бірде сағынышқа бөлейді, енді бірде туған елге деген мақтаныш сезімін оятады. Әнші ретінде сахнаның тынысын сезінсе, композитор ретінде халықтың жүрегіне жақын әуен таба біледі. Ал күйші ретінде ұлттық музыканың мінезін, қазақы рухтың асқақтығын танытады.
Кеш соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли мен облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің ресми құттықтауларын оқып берді. Сондай-ақ мерейтой иесіне өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
Бақберген Асқарбековтің өнердегі болмысын оның сахнадағы әріптестері де жоғары бағалайды. Данеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлзия Байбосынова:
– Бақбергенмен қырық екі жылдан бері бір сахнада өнер көрсетіп келемін. Шығармашылығын жоғары бағалаймын. Бақбергеннің өнері өте бай. Ол – шебер күйші, тамаша композитор. Әндері халықтың жүрегіне жол тауып, ел арасына кеңінен тарады. Ол – өнерді жан-тәнімен сүйетін, сахна үшін жаралған адам. Оның бойындағы адамгершілік қасиеті бір биік, өнердегі болмысы – екінші биік. Бақберген – қайталанбас өнер иесі, болмысы бөлек азамат, – дейді.
Шынында да өнер иесінің қадірі тек орындаған әні мен шығарған күйінің санымен өлшенбейді. Оның халық жүрегіне қаншалықты жақын екені, өнер арқылы қандай рухани із қалдырғаны маңызды. Бақберген Асқарбековтің шығармашылық жолына көз салғанда, осы өлшемдердің бәрін аңғаруға болады.
Жетісудың әнін әуелетіп, күйін күмбірлеткен өнерпаз жетпіс жасқа өнерге деген адалдығын жоғалтпай жетті. Оның шығармалары туған жердің тынысын танытып, ұлттық музыканың құндылығын дәріптеп келеді. Ал мерейтойлық кеш – сол еңбектің ел алдында бағаланған, өнерпаз бен көрерменнің жүрегі тоғысқан тағылымды сәті болды.
Гүлжан ТҰРСЫН




