Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Талдықорған қаласы мансап орталығы филиалының директоры Азамат Балтабеков 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысын баяндады. Есепті кезеңде 2 803 азамат еңбекке тарту шараларына қатысып, оның 1 346-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 1 457 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданды. Қалада қазір 319 бос жұмыс орны бар.
Спикердің айтуынша, бағдарлама бойынша жылдық межеге қол жеткізілді. «Күміс жас» жобасы аясында 100 адам еңбекке тартылса, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жоспарланған 190 азаматтың барлығы жолданды. Қоғамдық жұмыстарға 834 адам қатысып, жоспар 108,3 пайызға орындалды.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 222 жас маман жолданып, жылдық жоспардың 58,4 пайызы орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 50 адам орналасты. Ал мүгедектігі бар азаматтарды квота арқылы жұмысқа орналастыру көрсеткіші 26 адамды құрады.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында биыл қалада 33 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру көзделген. Бірінші кезеңде 15 адам қаржылай қолдау алды.
– «Қалған гранттарды беру кезеңдерін қазан-қараша айларында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік гранттың мөлшері шамамен 1 млн 800 мың теңгені құрайды. Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері артса, грант сомасы да соған сәйкес ұлғаяды», – деді Азамат Балтабеков.
Грант алушылар қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы әр тоқсан сайын есеп беруге міндетті. Есепте бизнес-жоспарға сәйкес сатып алынған тауарлар мен жабдықтар, олардың құны және шығындарды растайтын құжаттар, соның ішінде электрондық шот-фактуралар мен фотосуреттер көрсетілуі тиіс.
– «Грант қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Есеп беру талаптары орындалмаған жағдайда грант алушыға тиісті хабарлама жолданады. Ал белгіленген талаптар сақталмаса, мәселе сот тәртібімен қаралуы мүмкін», – деді ол.
Жыл соңына дейін жұмыспен қамту бағдарламаларының орындалмаған көрсеткіштерін толықтыру жұмыстары жалғасады.
Аяулым Шынгаева





