Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде оң серпін сақталып, жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімділігі айтарлықтай артты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов тоғыз айдағы даму қорытындыларын жариялады. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 13,8%-ға ұлғайып, 3,2 трлн теңгені құрады. Салалық өсім тамақ өнеркәсібінің негізгі бағыттарын түгел қамтыды. Соның ішінде өсімдік майы өндірісі 25,2%-ға артып, 828 мың тоннаға жетсе, ұн тарту көрсеткіші 13,9%-ға өсіп, 2,8 млн тоннадан асты. Балмұздақ шығару 51,7%-ға өсіп, 81,8 мың тоннаны, ірімшік пен сүзбе өндірісі 9,3%-ға көбейіп, 44,8 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар шоколад және тәтті кондитерлік өнімдер шығару 10,4%-ға артып, 69,4 мың тоннаға жуықтады.
Өңдеу саласының қарқынды дамуына мемлекеттік қолдау шаралары мен жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы тікелей ықпал етті. Жыл басынан бері 200-ден астам өндіріс орнының айналым қаражатын толықтыруға 96 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы шикізатын тереңдетіп өңдеуге бағытталған алты ірі инвесторлық жоба пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған зауыттардың қатарында Павлодар облысындағы майлы дақылдарды, Түркістан облысындағы бақша дақылдарын, Жамбыл облысындағы жүгеріні өңдейтін кәсіпорындар, сондай-ақ Астанадағы ет өңдеу зауыты мен Алматы облысындағы сусын шығаратын кешен бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша жыл қорытындысында саланың жалпы өнімі 6%-ға, азық-түлік өндірісі 9,5%-ға, ал сусындар дайындау 10,5%-ға өседі. Мұндай оң динамика ішкі нарықты отандық сапалы тауарлармен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аграрлық сектордың әлеуетін арттыру Жетісу өңірі сияқты ауыл шаруашылығы дамыған аймақтардың экономикасына оң әсер етеді. Шкізатты шикідей сатпай, жергілікті жерде қайта өңдеу қосымша құн қалыптастырып, ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды. Жаңа зауыттардың іске қосылуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтаудың басты кепілі саналады.





