Талдықорған қалалық Полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөлімі ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған ауқымды жұмыстардың қорытындысын жария етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шаһарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз миграцияның жолын кесу және құқықтық тәртіпті орнықтыру бағытында кешенді іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Өңірдің георафиялық орналасуы мен іскерлік белсенділігі шетелдік азаматтардың көші-қон ағынына тікелей ықпал етеді. Осы орайда полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетумен қатар, заңнама талаптарының қатаң сақталуын тұрақты бақылауда ұстап келеді. Есепті кезеңде қала аумағында 12 546 шетел азаматы ресми тіркеуге алынып, олардың заңды мәртебесі айқындалды. Сондай-ақ уақытша тұруға ниет білдірген 6 532 тұлғаға тиісті рұқсат құжаттары берілді. Өңірдегі еңбек нарығын реттеу және заңды жұмыспен қамтуды жолға қою мақсатында еңбекші көшіп келушілерге 5 513 рұқсат ресімделді.
Тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету барысында құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою шаралары да қатар жүргізілді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 667 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша 336 хаттама толтырылды. Сот шешімінің нәтижесінде ел аумағында болу мерзімін өрескел бұзған 142 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылды. Сонымен бірге шетелдіктерді қабылдау және еңбекке заңсыз тарту ережелерін бұзған 1 185 отандық азаматқа қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Мұндай қадамдар заңсыз еңбек күшін пайдаланудың алдын алып, әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта шаһарда заңсыз миграцияның жолын кесу және алдын алу мақсатында 12–16 қазан аралығында «Заңсыз тұлға» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Арнайы рейдтер барысында құрылыс нысандары, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен жалдамалы пәтерлер тексеріліп, заңсыз еңбек қызметін ұйымдастыру фактілері анықталуда. Көші-қон қызметі халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету процесін цифрландыру арқылы заңсыз әрекеттердің алдын алудың ашық механизмін қалыптастыруда.
Көші-қон саласындағы тәртіп Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі діңгегі саналады. Тәртіп сақшылары барша қала тұрғындары мен қонақтарын көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Тіркеу мерзімін уақытылы ұзарту, еңбек шартын заңды түрде жасасу және құқықтық нормаларды сақтау – қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың бейбіт өмірінің кепілі.





