Еліміздің еңбек нарығында белсенділік артып, азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының саны едәуір көбейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылдың тоғыз айында жұмыс берушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 1 млн-нан астам бос жұмыс орнын жариялады. Аталған көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға өсті. Былтырғы тоғыз айда 978 мың бос орын тіркелген болатын. Жалпы алғанда, цифрлық платформада ай сайын орта есеппен 120 мыңға жуық жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылып отырды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған бұл мәліметтер елімізде еңбек белсенділігі мен маман даярлау процестерінің жаңа қарқын алғанын айқын көрсетеді.
Жұмыс беруші тараптардың белсенділігі әсіресе қыркүйек айында байқалды. Осы айда 254 мың бос жұмыс орны ұсынылып, тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Бұл тамыз айымен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары. Сұраныс экономиканың барлық саласында артқанымен, әсіресе сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында айтарлықтай өсім байқалды. Жарияланған бос орындардың басым бөлігі білім беру саласына тиесілі (26,3%). Одан кейінгі орындарда басқа да қызмет түрлері (13%), денсаулық сақтау мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету (8,5%), өңдеу өнеркәсібі (7,2%) және мемлекеттік басқару (6,8%) орналасқан.
Өңірлік тұрғыдан қарастырғанда, бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана (8,7%) мен Алматы (8,4%) қалаларына, сондай-ақ Қарағанды (6,8%), Түркістан (6,7%) және Павлодар (6,3%) облыстарына тиесілі. Талап етілген мамандардың 42,1%-ын орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандар құраса, жоғары білікті мамандарға 32,7%, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарға 25,2% орын бөлінген. Еңбек нарығында медбикелерге, автокөлік жүргізушілеріне, тәрбиешілерге, математика мұғалімдеріне, бухгалтерлерге, аспаздарға, әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына сұраныс жоғары.
Осы кезеңде жұмыс іздеуші азаматтар Enbek.kz платформасына 1,2 млн-ға жуық түйіндеме орналастырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға көп. Цифрлық платформа жұмыс іздеу мен кадрларды іріктеу процестерін бір жүйеге біріктіріп, еліміздің кез келген өңіріндегі азаматтарға өз мүмкіндігін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Жетісу өңірінде де бұл жүйе арқылы жастар мен мамандардың тұрақты жұмыс табуына кең мүмкіндіктер ашылуда.





