Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, екіжақты тиімді ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Астанада маңызды дипломатиялық кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сингапур Республикасының Қазақстандағы Құрметті консулы Талғат Чиникеевті арнайы қабылдады. Алқалы жүздесу барысында тараптар Құрметті консулдықтың атқарып жатқан қызметін егжей-тегжейлі талқылап, екі мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды одан әрі нығайту мен дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Басқосуда инвестициялық ынтымақтастық пен стратегиялық жобаларды іске асыру тетіктеріне айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, әлемдік деңгейдегі сингапурлық Changi Airports International компаниясының Қазақстанның әуежай инфрақұрылымын салу және оны заманауи талаптарға сай дамыту жобаларына белсенді қатысуы сөз болды. Мұндай ірі халықаралық инвесторлардың отандық нарыққа келуі еліміздің логистикалық әлеуетін арттырып, әуе тасымалы сапасын жаңа белеске көтереді.
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші қаржы және технологиялық хаб саналатын Сингапурмен серіктестік орнату – еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Сауда-экономикалық, инвестициялық және цифрлық салалардағы байланыстарды тереңдету екі елдің экономикалық дамуына соны серпін береді. Тараптар кездесу соңында өзара тиімді әріптестікті әрі қарай дамытуға мүдделі екендіктерін растады.
Екіжақты келісімдер мен халықаралық жобалардың нәтижесі өңірлердің де, соның ішінде Жетісу облысының транзиттік-транспорттық мүмкіндіктерін арттыруға тікелей ықпал етеді. Халықаралық стандарттарға сай келетін инфрақұрылымдық өзгерістер елдегі іскерлік белсенділікті көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.





