Отан деген сөздің мағынасы терең. Ол – адамның туған жері ғана емес, балалық шағы, отбасы, ана тілі, тарихы мен болашағы. Кең-байтақ Қазақстанымда дүниеге келіп, білім алып, армандарымды жүзеге асыруға ұмтылып жүрген ең бақытты жанмын.
Біз кейде күнделікті өмірде өзімізге берілген құндылықтардың қадірін терең түсіне бермейміз. Бейбіт аспан астында өмір сүру, еркін білім алу, ана тілімізде сөйлеу және болашағымызды жоспарлау – үлкен бақыт. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болып отыр. Сол себепті еліміздің бүгінгі тыныштығын бағалап, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек.
Отанымды жақсы көруімнің басты себебі – туған жерім болуы. Отбасым, достарым, балалық шағымның естеліктері осы елмен байланысты. Кең даламыз бен әсем табиғатымыз, халқымыздың салт-дәстүрі мен бай мәдениеті де маған ерекше жақын. Өз елімнің жетістіктеріне қуанып қана қоймай, оның болашағы туралы да ойланамын. Өйткені туған жерді шын сүю – оның тағдырына бейжай қарамау.
Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деген өлең жолдары бар. Мен бұл сөзді әр адамның өмірде өз орнын тауып, қоғамға пайдасын тигізуі керек деген оймен байланыстырамын. Біреу ғылымды дамытса, біреу білім береді, енді бірі адамдардың денсаулығын, тыныштығын, қауіпсіздігін қорғайды. Қай салада жүрсек те өз жұмысымызды адал атқару арқылы еліміздің дамуына үлес қоса аламыз.
Қазір мектепте білім алып жүрмін. Әлі үйренетінім де, алдыма қоятын мақсатым да көп. Бүгінгі басты міндетім – сабағымды жақсы оқып, білімімді арттыру және өз қабілеттерімді дамыту. Кітап оқу, жаңа нәрселерді үйрену, ана тілімді құрметтеу мен айналамдағы адамдарға сыйластықпен қарау арқылы өзіме қажетті қасиеттерді қалыптастырып жүрмін. Болашақта журналистика саласында еңбек етіп, еліме пайдамды тигізсем деймін. Бұл мамандыққа қызығуымның мәні – қоғамдағы маңызды оқиғаларды зерттеп, адамдардың пікірін жеткізуге деген ынтам. Егер журналист болсам, еліміздегі өзекті мәселелерді көтеріп, қарапайым адамдардың еңбегі мен жетістіктерін кеңінен көрсетуге үлес қосқым келеді. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін қазірден бастап ізденіп, сауатты жазуды және өз ойымды анық жеткізуді үйренуім қажет. Меніңше, елге қызмет ету болашақта ғана емес, дәл бүгінгі әрекетімізден басталады.
Тәуелсіздікті сақтау мен елді дамыту тек мемлекетке ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Осы тұста Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі еске түседі. Ақынның жастарға артқан сенімі бүгінде өз маңызын жоғалтқан жоқ. Яғни ертеңгі Қазақстанның қандай болатыны бүгінгі ұрпақтың біліміне, еңбегіне және ұстанымына байланысты.
Республика күні – өткенімізді құрметтеп, бүгінгі күнімізді бағалап, ертеңімізге мақсат қоятын мереке. Болашақта қандай мамандық иесі болсам да алған білімім мен еңбегімді туған еліме пайда әкелуге жұмсағым келеді. Өйткені Отан – жүрегімдегі ең қымбат ұғым. Ал оның болашағына бәріміз жауаптымыз.
Алима ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Ш. Уәлиханов атындағы №10
орта мектеп-гимназиясының
10-сынып оқушысы





