Қақаған қысты қарсы алуға төтенше жағдай өкілдері дайын. Өңір аумағында 21 жылыту пункті бар болса, соның барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткізілген баспасөз жиынында айтылды.
Жетісу аумағында қар басатын 12 учаске анықталған. Жалпы ұзындығы 197 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызға ие жол учаскелері де бар. Оның қыс кезінде қатаң бақылауға алынатынын сала мамандары айтып өтті. Өткен қыста жедел-құтқару жұмыстары жүйелі жүргізіліп, мамандар 29 рет шұғыл көмекке шыққан. Нәтижесінде 281 адам құтқарылып, 22 адам қауіпті аймақтан эвакуацияланған.
– Бізде авариялық құтқару жұмыстарында өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен жедел-құтқару жасақтары бірге жүріп, әрекет қылады. Адамдарды эвакуациялау, құтқару-іздестіру жұмыстарын барлығын бірге істейді. Техника мен құрал-жабдықтар қысқы кезеңге дайын. Адамдар ұзақ жолға шығар алдында ауа райын мұқият зерделеп, қандай жолдардың жабық болуы мүмкін екенін анықтап алу керек. Әрбір автокөлікте төтенше жағдай кезінде өмірді сақтап қалуға көмектесетін қажетті заттар болуы тиіс. Мысалы, паяльды лампа, арқан, доңғалаққа арналған шынжырлар, күрек, парафин шамдары, жылы киім, азық-түлік қоры, су және жанармай, сондай-ақ, телефонға арналған қуаттағыш. Қатты аяз немесе қарлы боран кезінде бірнеше автокөлікпен топтасып қозғалуға кеңес береміз. Көлік бұзылған жағдайда колоннадағы басқа жүргізушілер көмек көрсетуі үшін қолайлы болғаны жөн – дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Әлібай Сағади.
Облыс көлемінде қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға арналған 141 техника бар. Оның 44-і жоғары өтімді. Сала қызметкерлері жолдарға төселетін инертті материалдар да әзір екенін айтып, тұрғындарға сақтық шараларын қаперден шығармау қажеттігін ескертеді.
Медет ЖҰМАБАЙ





