Қаратал ауданындағы Ескелді би ауылында блокты-модульды Мәдениет үйі мен спорт кешені ашылды. Шараға аудан әкімі Ұлан Досымбеков, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
Қос нысанның салтанатты ашылуында аудан әкімі:
– Ескелді би ауылы әдемі ғимараттармен, ұрпаққа берер тағылымы мол мәдениет ордасымен толыға түсті. Мәдени ордадан білімді, өнерлі жастар, спорт кешенінен ел абыройын асқақтататын саңлақтар шығарына сенімім мол. Тура осындай ғимарат Жаңаталап ауылында салынып жатыр. Оны жыл соңына дейін қолданысқа береміз. Былтыр 3 ауылда спорт кешені салынды, келер жылы да осындай ғимарат салуды жоспарлап отырмыз, – деді.
Өз кезегінде Қуаныш Сұлтанұлы: «Облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздағы шалғай ауылдарда блокты-модульды нысандар салынуда. Ескелді би ауылында бой көтерген мәдени ошақта кітапхана, би үйірмесі залы бар. Енді жастар бос уақытын текке өткізбей, мәдени ордада өнерлерін шыңдайды», – деп ақжарма тілегін ақтарды.
Осыдан кейін Мәдениет үйі мен спорт кешенінің лентасы қиылып, келген қонақтар жаңа нысандардың ішін аралады.
«QazDamu Construstion» ЖШС салған ғимараттың жалпы ауданы 800 шаршы метрді құрайды. Заман талабына сай салынған нысанда 150 орынды көрермен залы, кітапхана, білікті мамандарға арналған кабинеттер бар. Жалпы ғимарат клуб қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Алдағы уақытта 18 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Құрылысын «Эснаф» ЖШС жүргізген 2 қабаттан тұратын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жалпы ауданы 800 шаршы метр. Енді ауыл балалары күрес, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ спорт түрлерінен үйірмеге қатыса алады. Сондай-ақ, 12 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға, спортқа құштар балаларды тәрбиелеуге барлық мүмкіндік бар.
Шара барысында ауыл өнерпаздары көрермендерге әннен шашу шашты. Береке-бірлігі жарасқан өңірдегі жайдарман жаңалық көпшіліктің рухани әлемін кеңейте түсетіні сөзсіз.
Айдар ҚАЛИЕВ





