Жазиралы Жаркент өңірінің табиғаты мал өсіруге өте қолайлы, негізінен жылы, құрғақ болып келеді. Қараша келісімен қыстауларға көшірілген төрт түлік егіні жинап алынған жүгері алқаптарына жайылады.
Мал қыстатуға дайындаған азық қоры да жеткілікті. Маусымға шаруалар 190, 3 мың тонна шөп, 28, 3 мың тонна жем әзірлеген. Қазір жер қара, күн жылы болғандықтан аудандағы барлық мал жайылымда.
Қыстан қарауындағы малын жүдетпей, шығынсыз шығару үшін шаруалар табиғи жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөп қорын да үнемдеу жолын қарастыруда. Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 315 мың тоннадан астам көпжылдық және табиғи шөп, 27 мың тоннадан астам сүрлем, 36 мың тоннадан астам сабан, 19 мың мың тоннадан астам пішендеме және 54 мың тоннадан астам жүгері жемі дайындалған. Өңірде жалпы 470 мал қыстауы бар. Ауданда әзірленген мал азығының 80 пайызы сол қыстауларға жеткізіліп, жиналған.
Өңірде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 147546 бастан астам қой-ешкі, 3580-ден астам ірі қара, 10340 мыңнан астам жылқы және 350 түйе қыстатылуда.
Соңғы жылдар асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 34-ке дейін көбейгенін және өңірде сүт өндірісі біртіндеп бел алып келе жатқанын айта кетсек артық болмас. «Көктал Агро» ЖШС 1150 сауын сиырға лайықталған сүт фермасын салып, іске қосқанына 3 жылдан асты. Қазір мұнда Австралиядан Швед тұқымды жалпы 473 құнажын әкелініп, соның бұзаулаған 245-і сауылып, күн сайын 6 тонна сүт Талдықорғандағы сүт өңдеу зауытына жөнелтілуде. Осындай іс-қимыл «Ернар» ЖШҚ-да да жасалуда. Мұнда ағылшын тұқымды 523 «Jersi» сүтті сиырын әкеліп, 250-ден астамын сауып, аптасына 8 тоннадан астам сүт өткізуде.
Түйіндеп айтсақ, жазиралы Жаркент өңірінде биылғы қыстан барша мал шелді шығарына мамандар мен малшылар сенімді. «Шелді мал, төлді» демекші, шаруақор жұрт тілегінің жүзеге асарына сенімі мол, лайым солай болғай. Өйткені бұл да ел ырысын еселер береке бастауы.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





