Бүгін, 6 қарашада, Астанада Ақаба процесі аясында «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық саммит өтуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және өзге де ресми тұлғалар қатысуда.
Ақаба процесі – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің бастамасымен 2015 жылы құрылған терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес жөніндегі халықаралық бастама.
Саммит барысында мемлекет басшылары, арнайы қызметтер мен әскери ведомстволардың жетекшілері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосып, қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылайды. Негізгі назар жасанды интеллектіні қолдануға байланысты туындайтын қауіп-қатерлерге ортақ түсінік қалыптастыруға және оларға қарсы бірлескен шараларды үйлестіруге аударылады.





