Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының маңызды бағыттары айқындалды. Осы орайда мәдениет саласына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударғым келеді.
Менің ойымша, мемлекеттің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық жетістіктермен өлшенбейді. Елдің шынайы өркендеуі оның рухани байлығымен, мәдени деңгейімен, тарихи санасымен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен де тығыз байланысты.
Жолдауда білім, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанды қамтитын құрылыс жоспарларының айтылуы – өңірлердің мәдени инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан маңызды мәселе. Өйткені мәдениет ошақтары халыққа жақын, қолжетімді әрі заман талабына сай болуы қажет.
Әсіресе кітапханалар мен музейлердің қоғам өміріндегі рөліне айрықша мән берген жөн. Музей – өткен тарихты сақтайтын орын ғана емес, ол ұлттық сананы қалыптастыратын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, ұлттың рухани тамырын танытатын маңызды тәрбие ордасы.
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің басшысы ретінде мен үшін бұл мәселелердің маңызы ерекше. Себебі Ілияс мұрасы – қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінің, тарихы мен ұлттық болмысының ажырамас бөлігі. Ақын шығармашылығын насихаттау арқылы біз жас ұрпаққа туған жерді сүюді, ұлттық өнерді бағалауды, ел тарихын құрметтеуді үйретеміз.
Бүгінгі музей жұмысы да заман талабына сай жаңаруы керек. Цифрлық технологияларды енгізу, құнды жәдігерлерді электронды форматта сақтау, виртуалды көрмелер ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру – алдағы уақыттағы маңызды міндеттеріміздің бірі.
Сонымен қатар мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен кәсіби мәртебесіне де көңіл бөлінуі қажет деп есептеймін. Өйткені ұлттық мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік пен терең білімді талап ететін еңбек. Мәдениет қызметкерінің еңбегі лайықты бағаланғанда ғана бұл салада білікті мамандардың тұрақтап, жас кадрлардың келуіне мүмкіндік артады.
Менің пайымдауымша, мәдениетті дамыту – тек мәдениет мекемелерінің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Біз тарихи мұрамызды сақтап қана қоймай, оны бүгінгі ұрпақтың рухани қажеттілігіне айналдыра білуіміз керек.
Өйткені мәдениеті мықты елдің рухы биік, тарихи жады берік болады. Ұлттың болашағы да оның рухани байлығымен сабақтас. Сондықтан мәдениетке жасалған қамқорлықты елдің ертеңіне жасалған инвестиция деп білемін.
Нургул ЖАУЫНБАЕВА
Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің директоры,
«Мәдениет саласының үздігі»





