Облыста жыл басынан бері 85 мал ұрлығы тіркеліп, шаруаларға 269,7 миллион теңгеден астам шығын келген. Қылмыс саны былтырмен салыстырғанда азайғанымен жайылымдағы малды толық қадағалау әлі де мүмкін болмай тұр.
Қазақтың төрт түлікке деген құрметі ерекше. «Мал баққанға бітеді» деген жұрт үшін малынан айырылу оңайға соқпасы анық. Сондықтан мал ұрлығы – тұтас ауылдың берекесін қашыратын қылмыс болып тұр.
Өкінішке қарай, төрт түліктің қадірін білетін елде өзгенің малын олжасына айналдырғандардың әрекеті әлі де тыйылар емес. Әсіресе елді мекеннен шалғайдағы жайылымдарда малдың қараусыз қалуы, бақылаудың әлсіздігі ұры-қарыға қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Ал ұрланған малды тасымалдау, заңсыз сату мен ет ретінде өткізу қылмыстың ізін жасыруға жол ашуда.
2026 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша облыс аумағында 85 мал ұрлығы дерегі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 96 қылмыс болған. Осылайша, биыл тіркелген деректер саны 11,5 пайызға төмендеген.
Қылмыстардың ашылу көрсеткіші де жақсарған. Былтыр 64,9 пайызды құраған нәтиже биыл 69,8 пайызға жетіп, 4,9 пайыздық тармаққа өскен. Бұл құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесі. Дегенмен мәселенің екінші жағына үңілсек, алаңдатарлық ахуалды аңғарамыз.
Тіркелген 85 қылмыс бойынша барлығы 815 бас мал ұрланған. Оның ішінде 322 ірі қара, 368 ұсақ мал және 125 жылқы бар. Ал тұрғындарға келтірілген жалпы материалдық шығын 269 миллион 768 мың теңгені құраған.
Мұндай шығынның салмағын ауылдағы қарапайым шаруаның жағдайымен өлшесек, мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсіну қиын емес. Бір отбасының бірнеше жыл бойы өсірген малы бір сәтте қолды болуы мүмкін. Сондықтан әрбір ұрлық дерегінің артында адам еңбегі мен отбасының несібесі тұрғанын естен шығармаған жөн.
Мал ұрлығының қай жерде көбірек орын алатынын зерделегенде, негізгі қауіптің жайылымдық жерлерге тиесілі екені байқалады. Мәселен, тіркелген 85 қылмыстың 61-і жайылымда, 24-і қора-жайларда жасалған. Яғни, ұрлықтың 72 пайызы мал өрісте жүрген кезде орын алған. Жайылымнан 310 ірі қара, 264 ұсақ мал және 124 жылқы ұрланса, қора-жайлардан 12 ірі қара, 104 ұсақ мал және бір жылқы қолды болған.
Бұл деректер мал иелеріне де ой салуы тиіс. Төрт түлікті өріске жіберіп, кешке өздігінен келеді деп алаңсыз отырудың заманы өтті. Әсіресе ауылдан шалғай орналасқан жайылымдарда малдың қозғалысын бақылау, оны күн сайын түгендеу, қараңғы түскенде қауіпсіз орынға қамап қою – қарапайым сақтық шаралары болғанымен маңызы зор.
Малдың жоғалғанын дер кезінде іздестіру жұмыстарына кедергі келтіреді. Ал ұрының ізін суытпай анықтау қылмыстың ашылу мүмкіндігін арттыратыны белгілі. Мал ұрлығының артында көбіне бір адамның ғана тұрмайтыны анық. Қылмыс алдын ала жоспарланып, бірнеше адамның қатысуымен жүзеге асуы мүмкін. Бірі малды ұрласа, екіншісі тасымалдап, үшіншісі оны өткізуге көмектеседі. Осылайша, ұрланған төрт түлік заңсыз айналымға түсіп, қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасалады, – дейді Сарқан аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Аслан Исағалиев. Жыл басынан бері жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыста мал ұрлығымен айналысқан 15 қылмыстық топтың қызметі әшкереленген. Сонымен қатар 44 күдікті анықталып, ұсталған. Бұл полиция жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі. Себебі, мал ұрлығымен күрес ұрыны ұстаумен ғана шектелмеуі керек. Қылмыстың ұйымдастырушыларын, ұрланған малды қабылдаушыларды және заңсыз сауда арналарына қатысы бар адамдарды анықтау да аса маңызды.
Өзгенің малын иемдену кейбіреулер үшін оңай олжа болып көрінуі мүмкін. Бірақ заң алдында мұндай әрекеттің жауапкершілігі жеңіл емес. 2020 жылғы 11 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне мал ұрлығына арналған 188-1-бап енгізілді. Осы арқылы мал ұрлығы жеке қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылып, оған арнайы жауаптылық белгіленді. Қылмыстың мән-жайына, келтірілген залал көлеміне, адамдар тобының алдын ала сөз байласуына және өзге де саралаушы белгілеріне қарай жаза күшейтіледі. Заңда айыппұлдан бастап бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар қарастырылған. Ал қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Сағындықов.
Демек, өзгенің төрт түлігіне көз тігу – жай ғана ар-ұят мәселесі емес, заң алдында жауап беруге әкелетін қылмыс.
Мал ұрлығының алдын алу үшін ұрланған малды өткізуге мүмкіндік беретін заңсыз арналарды жабудың маңызы зор. Осы мақсатта полиция органдарының өкілдері мал тасымалдау бағыттарын, базарларды, мал қабылдау орындары мен ет өнімдерін өткізетін нысандарды бақылауда ұстап отырғандарын айтады.
Жыл басынан бері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 406-бабы бойынша тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдау және өткізуге қатысты 65 құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 3 миллион 324 мың 365 теңге айыппұл салынып, оның 2 миллион 813 мың 225 теңгесі өндірілген.
Ал малды қараусыз жіберу деректері бойынша «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 408-бабына сәйкес 3134 мал иесіне әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 14 миллион 757 мың 799 теңгені құраса, оның 13 миллион 626 мың 341 теңгесі өндірілген.
Жетісу облысында биыл мал ұрлығының тіркелу көрсеткіші төмендеп, қылмыстардың ашылу деңгейі артқан. 15 қылмыстық топтың әшкереленуі мен 44 күдіктінің ұсталуы да құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Алайда 815 бас малдың қолды болып, шаруаларға 269,7 миллион теңгеден астам шығын келуі бұл мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады.
Мәселенің алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты емес. Малдың заңды құжаттарын рәсімдеу, тасымалдау тәртібін сақтау, жайылымда бақылаусыз қалдырмау әрбір шаруаның жауапкершілігі. Сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпайық.
Медет ЖҰМАБАЙ





