Әр ауылдың өркендеуі жолында күн сайын еңбектеніп жүрген өз адамдары болады. Мұндай істе жауапкершілік, уәдеге беріктік және көмекке әрдайым дайын болу секілді қасиеттер ерекше бағаланады.
Жанама ауылдық округінің әкімі Парасат Қожабеков үшін мұндай қасиеттер қызметіндегі басты ұстанымдарының бірі. Әкім мемлекеттік қызметте бірер жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол жиған тәжірибесін туған өлкесін дамытуға, ауылдастарының тұрмысын жақсартуға бағыттап отыр. Парасат Азаматұлының сөзінен оның ауыл инфрақұрылымын дамыту жолында қарапайым халықтың жағдайын жақсартуды ойлайтынын аңғаруға болады. Ол Жетісу университетін тамамдап, осы оқу орнында магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы сот актілерін орындау департаментінде бастап, кейіннен Еңбекшіқазақ ауданында спорт әдіскері қызметін атқарған. Осы жылдар ішінде әкімшілік жұмыс бойынша тәжірибе жинап, өңірдің тыныс-тіршілігі және тұрғындардың мұң-мұқтажымен жақсы танысты. Ал 2024 жылы Жанама ауылдық округі әкімінің лауазымы босап, ауыл ақсақалдары мен жерлестері оған сайлауға қатысуға ұсыныс білдірген. Халық қолдауынан кейін сайлауға қатысып, содан бері ауыл әкімі қызметін атқарып келеді.
Жергілікті шаруалар мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдаланып, субсидия алады. Ал 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бірнеше тұрғынға өз кәсібін бастауға мүмкіндік берген.
– Мал басы көбейген сайын жайылымдық пен шабындық жерлерге сұраныс артады. Мал азығын дайындау қажеттілігі де жоғарылайды. Бір жағынан, мұны мәселе деп қарастыруға болады. Екіншіден, бұл – халықтың әл-ауқатының жақсарып, шаруашылықтардың дамып келе жатқанының белгісі. Сондықтан біздің міндет – тұрғындардың жаңа қажеттіліктерін ескеріп, осы өзгерістерге сай жұмыс атқару, – дейді әкім.
Оның пікірінше, әр ауылдың өзіндік әлеуеті бар және сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперациясының маңызы зор.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылда кәсіптің жаңа түрлерін ашуға мүмкіндік береді. Ендігі маңызды міндет – кооперативтер құру. Кооперацияның артықшылықтары көп. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылда қандай өнімді тиімді өндіруге болатынын анықтауға және оны қайда, қалай өткізуді алдын ала жоспарлауға тиімді, – дейді Парасат Қожабеков.
Әкімнің алдағы жоспарының қатарында жол бойынан сервистік орталық салу да бар. Бұл нысан жолаушыларға қызмет көрсететін орын ғана емес, жергілікті өнімді сатуға арналған алаңға да айналуы мүмкін. Мұндай жоба ауылға инвестиция тартуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы. Сондай-ақ мұндай орталықтың ашылуы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де пайдалы болмақ.
Ауыл әкімі жұмысының маңызды бағыттарының бірі – балаларға қатысты мәселелер. Өйткені ата-аналар үшін ауылдың бүгінгі жағдайы ғана емес, өскелең ұрпаққа қандай мүмкіндік ұсына алатыны да маңызды. Округтегі екі мектепте 80-ге жуық педагог еңбек етеді. Бұған дейін Ескі Жанама ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бірі – балаларды күн сайын мектепке жеткізу болатын. Биыл аудан әкімінің қолдауымен ауылдық округке жаңа автобус берілді. Нәтижесінде оқушыларды тасымалдау мәселесі шешімін тапқан.
Қарабұлақ ауылында ірі спорт кешенінің ашылуы да жергілікті балалар үшін маңызды оқиға. Мұнда волейбол және еркін күрес секциялары жұмыс істейді. Сонымен бірге округтің елді мекендерінде футбол және басқа да спорттық ойын алаңдары бар.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Округте алты медицина қызметкері еңбек етеді. Белгілі күндері аудан орталығынан дәрігер келіп, тұрғындарды қабылдайды.
Ауыл әкімінің жұмыс күні көбіне алдын ала жоспарланған тәртіппен өте бермейді. Бір күн абаттандырумен айналысса, келесіде тұрғындармен кездеседі, ал одан кейін ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын талқылайды. Кейде бір-біріне ұқсамайтын бірнеше міндетті қатар шешуге тура келеді. Парасат Қожабеков маңызды және маңызы төмен деп бөліп-жармайды. Егер белгілі бір мәселе тұрғындарды алаңдатса, демек, оған назар аудару қажет.
Оның пайымынша, ауылды дамыту тек жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру немесе әлеуметтік нысандар салумен шектелмейді. Білім беру, мәдениет, спорт, еңбек ету, жеке кәсіп ашу және ертеңгі күнге сенімді болу мүмкіндіктері де ауыл өмірінің сапасын айқындайды. Жанама ауылдық округінің жетістіктері де, әлі шешімін күткен мәселелері мен жүзеге асырылуы тиіс жоспарлары да бар. Олардың әрқайсысы табандылық пен жүйелі жұмысты және бірлескен еңбекті қажет етеді.
– Ең бастысы – тұрғындардың ұсыныстарын тыңдай білу маңызды. Егер халық саған сенім артса, сол сенімді ақтауға міндеттісің. Ауылдың барлық мәселесін сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Біз тұрғындармен бірге еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, – дейді Парасат Қожабеков.
Жас басшының өз ісіне деген көзқарасын осы сөздерден-ақ аңғаруға болады. Ол үшін туған жерге қызмет ету – даңғаза уәделермен емес, күнделікті еңбек, адамдарға деген ықылас және ауылдастарының өмірін жақсартуға деген ұмтылыспен өлшенеді. Парасат Қожабековтің туған жеріне оралып, жерлестерінің өмірін құр уәдемен емес, нақты істермен жақсартуға бағытталған еңбек жолы осындай.
Айгүл БАЙБОСЫН





