Мемлекеттік шекарадан өту – әр азаматтан заң талаптарын мүлтіксіз орындауды, құжаттарының дұрыстығына мұқият қарауды қажет ететін жауапты рәсім. Әсіресе, шетелге сапар шегуді жоспарлаған жолаушының жеке басын куәландыратын құжаты түгел әрі жарамды болуы шарт. Осы орайда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті тұрғындарға маңызды ескерту жасап, жолға шығар алдында құжаттарды тағы бір мәрте тексеруге шақырады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шекаралық бақылау кезінде әрбір азамат жеке басын айғақтайтын, қолданыстағы заңнама талаптарына сай құжат ұсынуға міндетті. Сондықтан сапар қамына кіріспес бұрын төлқұжаттың немесе жеке куәліктің қолда барын, жарамдылық мерзімін және ондағы мәліметтердің дұрыстығын байыппен қараған абзал. Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінген осындай олқылықтың өзі жол үстінде қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Мұның сыртында, өзгенің құжатын пайдалану, басқа адамның деректерімен мемлекеттік шептен өтуге әрекеттену немесе қолдан жасалған құжат ұсыну заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады. Мұндай құқыққа қайшы қадамдарға барған азаматтар ҚР заңнамасында көзделген жауаптылыққа тартылады.
Ал жеке құжат жоғалған, бүлінген немесе жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда, сапарды кейінге қалдырып, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген жөн. Құжатты уақытылы қалпына келтіру немесе жаңарту шекаралық бақылаудан кедергісіз өтудің алғышарты саналады.
Осыған байланысты ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті азаматтарды мемлекеттік шекарадан өту тәртібін сақтауға, жеке құжаттарының жай-күйіне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Жолға шығарда бір сәт аялдап, құжатты тексеру талай әуренің алдын алады.
Ендеше, сапардың сәтті басталуы да сақтық пен сауаттылыққа байланысты. Шекарадан өту тәртібін сақтау – әр азаматтың заң алдындағы міндеті.
АТА-АНА АМАНАТЫ АҚТАЛСЫН!
Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жас сарбаздың артында алаң көңіл ата-анасы, ал алдында абыройлы міндеті тұрады. Перзентін ел қорғаны болуға аттандырған ата-ана үшін оның әскери ортадағы тыныс-тіршілігі, тәртібі мен тұрмыс жағдайы әрдайым маңызды. Осыны ескерген ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментінің Алакөл аудандық шекара басқармасында «Күз-2026» шақырылымы бойынша әскер қатарына қосылған жас жауынгерлердің ата-аналарымен кездесу өтті.
Жүздесу барысында шекара басқармасының басшылық құрамы ата-аналарға сарбаздардың әскери қызметінің жай-жапсарын баяндады. Олардың күнделікті жауынгерлік даярлығы, ішкі тәртіпке бейімделуі, әскери ортадағы тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
Басқосуда ата-ана мен әскери бөлім арасындағы өзара байланысты бекемдеу мәселесіне де басымдық берілді. Жас жауынгерлердің қызметіне қатысты сауалдар ортаға салынып, тараптар пікір алмасты. Мұндай жүздесулер ата-ананың көңіліне медет, сарбаздың жігеріне демеу болары анық.
Әскердегі тәртіп пен тәрбие, Отан алдындағы жауапкершілік жас жауынгердің азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Ал ата-ананың ақ батасы мен әскери басшылықтың ұдайы назарында болуы сарбаздың жігерін жанып, борышын абыроймен атқаруына серпін береді.
ЖАС ӨРЕНДЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Отан шебін күзету – қырағылық пен қайсарлықты, темірдей тәртіп пен табандылықты талап ететін жауапты міндет. Ел іргесінің бүтіндігін кірпік қақпай күзеткен шекарашылардың қызметі жас ұрпаққа өнеге.
Осыны негізге алған ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментінің Панфилов аудандық шекара басқармасының инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімі мен «Қорғас» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері Жаркент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының «Жас шекарашы» тобына танымдық экскурсия ұйымдастырды.
Кездесу барысында оқушылар шекара бөлімшесінің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, әскери қызметтің қыр-сырына үңілді. Қару-жарақ үлгілері мен әскери техникаларды тамашалап, бөлімше жанындағы мұражай жәдігерлеріне зер салды. Әсіресе, мемлекеттік шептің сенімді сақшыларына айналған қызметтік иттердің мүмкіндіктері балалардың қызығушылығын оятты. Төрт аяқты сақшылардың із кесу, күдік тудырған заттарды анықтау және шекара күзетіндегі өзге де міндеттерді атқару қабілеті көрсетілді.
Танымдық шараның тәжірибелік бөлігі де мазмұнды өрбіді. Әскери қызметшілер «ГАЗ Соболь» автокөлігі негізінде жабдықталған оптико-электрондық кешеннің және «УРАЛ-43206» көлігіне орнатылған прожекторлық станцияның жұмыс тәртібін таныстырды. Оқушылар заманауи инженерлік-техникалық құралдардың мүмкіндіктерін өз көздерімен көріп, олардың шекара күзетіндегі маңызына қанықты. Көкейлеріндегі сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауап алды.
Мұндай тағылымды жүздесулердің түпкі мақсаты – жас буынның әскери қызметке ықыласын арттырып, бойына елжандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Шекара шебіндегі жауапты міндетті көзбен көріп, әскери өмірдің тынысын сезінген жас өрендердің көкейіне Отан алдындағы борыш пен азаматтық жауапкершіліктің мәні тереңірек ұялағаны сөзсіз.








