Талдықорғандағы Достық үйінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жетекші жуналистер мен сарапшылар клубының отырысы өтті.
Басқосуды Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған. Мекеме басшысы Еркебұлан Ақболатовтың төрағалығымен өткен жиында Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, журналистер академиясының академигі, «Көзқарас» ақпараттық-талдау порталының бас редакторы Атсалим Идигов аймақтағы жетекші журналистер клубының төрағасы болып сайланып, клуб мүшелері мен үміткерлер таныстырылды.
Жауаптылардың сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар бойынша жетекші журналистер клубы 2009 жылы құрылған. Аталған клуб қазір өңірдегі ұлтаралық, қоғамдық келісімді және азаматтық бірлікті сақтаудағы БАҚ-тың күш-жігерін біріктіру бағытында тұрақты жұмыс істейтін, консультативтік-сараптамалық бірден бір алаң. Ол этносаралық қатынастар, патриотизм, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, мемлекеттік тіл саясаты сынды тақырыптарды насихаттап, оны дамытуға бағытталған.
Жиналған қауым алдында сөз алған клуб төрағасы этножурналистика дегеніміз не? деген сауалға жан-жақты жауап беріп, мазмұнын түсіндірді. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық саясат пен этносаралық қатынастар мәселелерін жариялау маңыздылығына кеңінен тоқталып, достықты ту етіп, береке-бірлікті бекемдеп, жастарға патриоттық тәрбие беруде журналистер қауымы жариялаған әр шығарманың орны ерекше екенін айрықша атап көрсетті. Жиын соңында клубтың алдағы жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.
Айдын КӘЛІМХАН





