Жоба жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында іске асты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Оның авторы және басты рөлді сомдаған актер – Атамұра Мұсаханов. Ол «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 2023 жылы «Медиа» бағыты бойынша жеңімпазы атанған. Атамұраның тырнақалды фильмі Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінің желісінде түсірілген.
Шағын ғана шығармашылық жоба Жетісу облысы аумағында түсірілген. Десе де, Алтайдың қысқы атмосферасын жеткізе алған. Әңгіме орын алған уақытты сол заманғы киім үлгілері мен реквизиттер әсерлі бейнеленген. Сонымен қатар, түсірілім тобы жазушының түпкілікті ойын дөп басып, әлеуметтік мәселені де қозғайды. Әңгімеде көтерілген жол қатынасы, жарық мәселесі, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі сынды мәселелер оқиға желісінде кейіпкердің параллельді кеңістіктегі ойлары арқылы көтеріледі. Түсірілім стилі бүгінгі күні де өзекті мәселелермен ұштасып жатқандай әсер қалдырады.
Фильмнің көрсетілімі бүгін Талдықорған қаласы, Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде сағат: 18.00 өтеді.





