Балқаш көлінде демалатын туристер саны біршама артады. Себебі көл жағалауы жыл санап дамып, көркейіп келеді. Жағалауға барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, автокөлік жолы жаңғыртылып, құрылысы жоспарланған 3 коммуналдық жағажайдың алғашқысы салынып бітті. Енді екі жағажайда құрылыс қарқынды жүріп, Лепсі ауылындағы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа теміржол вокзалы салынуда. Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ аталған нысандарды арнайы аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысының жұмыс сапары жағажайда салынған коммерциялық және әкімшілік ғимараттарды аралаудан басталды. Нысандардың сыртқы кейпіне, брусчатка төсемдеріне қатысты ескертпелер айтып, жақын арада олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.
«СтройИндустрия» ЖШС директоры Дархан Ахмановтың айтуынша, құрылыс сәуір айында басталған, бүгінде жобада қарастырылған жұмыстар түгелге дерлік аяқталған.
– Мұнда 500 орынға арналған автотұрақ бар. Екі коммерциялық ғимаратта 18 орын кәсіпкерлердің қоғамдық тамақтану орындарын ашуына арналып салынды. Бұдан бөлек сауда-саттыққа да орындар қарастырылған. Ал әкімшілік ғимаратта төтенше жағдай және полиция бекеттері, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі де бар. Жағалауда балалар ойын алаңдары салынып, киім шешетін орын, душ кабиналары, санитарлық тораптар және басқа да қажеттіліктер жасалып, 5 құтқару мұнарасы қойылған, – дейді Дархан Ахманов.
Қарапайым көпшілік үшін демалыстың қолжетімді, жайлы әрі қауіпсіз болуына барлық мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өткен Бейбіт Өксікбайұлы «Балқаш Тазалық» кәсіпорнының коммуналдық жағажайды күтіп ұстау жұмыстарын жүйелі жоспарлауы керектігін де тілге тиек етті.
– Өңірлердің туристік әлеуетін дамыту туралы Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл коммуналдық жағажайдың құрылысы басталды. Бір жағажайдың өзіне бір мезетте екі мыңға жуық демалушы келе алады. Кәріз, су, электр жүйелері толықтай тартылған. Екінші жағажай да келесі жылы қолданысқа беріледі. Үшінші жағажайдың құрылысы басталады. Былтыр Алакөл көліне 2 миллион турист келген. Биыл Балқаш жағалауына келетін туристердің де саны артады. Біз алдағы уақытта облысқа келетін туристерге қолайлы жағдай жасау ісін жалғастырамыз, – деді Бейбіт Исабаев.
Балқаш жағалауын дамытуға ниет білдірген жергілікті кәсіпкерлер туған жерді дамытуға белсене атсалысуда. Соның бірі – Лепсі ауылының тұрғыны Руслан Сәттібеков. Ол жағажайдан жер телімін алып, көктемде пансионат салуды жоспарлап отыр.
– Жергілікті халық Балқаш жағалауының дамығанын көптен күтті. Кәсіпкерлерге бизнес жүргізуге мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалып отыр. Енді ауылдастар үшін жұмыс орындары, жаңа табыс көзі пайда болады. Бұрын басқа қалаға көшіп кеткендер Лепсі өңіріне қайта келіп қоныстануда. Бұл – біз үшін зор қуаныш, – деді жергілікті кәсіпкер.
Лепсі ауылында әлеуметтік маңызы зор 2 нысанның құрылысы қатар жүргізілуде. Бірі – теміржол вокзалының жаңадан салынуы болса, екіншісі – ауылдық аурухананың күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы. Бұл жұмыстар елді мекеннің тыныс-тіршілігіне тың серпін беріп, тұрғындар мен ауылға келетін қонақтар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысқан Бейбіт Исабаев алдымен теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, мердігерлердің жұмыс барысын көрді.
«Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамына қарасты Лепсі теміржол вокзалының жаңа ғимараты ауыл келбетіне көрік қосып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін вокзал шағын әрі ескі ғимаратта орналасқан болатын. Уақыт талабына сай келмейтін нысанның орнына енді заманауи үлгідегі жаңа ғимарат бой көтеруде.
Бір қабатты жаңа вокзалдың жалпы аумағы 620 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының қазіргі дайындық деңгейі шамамен 90 пайызға жеткен. Бүгінде ғимараттың шатырын жабу, ішкі қабырғаларын әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 30-ға жуық адам еңбек етуде. Жаңа вокзалдың пайдалануға берілуі Лепсі тұрғындары үшін ғана емес, осы бағытта қатынайтын жолаушылар үшін де маңызды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев вокзал құрылысын аралау барысында облыс аумағында күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған 9 вокзалдың 8-інде жұмыстар аяқталғанын айтты. Ал Лепсідегі нысан – осы бағыттағы соңғы жоба екенін тілге тиек етіп, құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударып, жаңа вокзалды жыл соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.
Вокзал құрылысымен танысқаннан кейін облыс әкімі Лепсі ауылдық ауруханасына барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Мұндағы жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, бөлмелер сырланып, жуып-тазалануда.
1976 жылы салынған аурухана ғимаратына соңғы рет 2010 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Содан бері арада талай жыл өтіп, нысанның материалдық-техникалық және инфрақұрылымдық жағдайын жаңарту қажеттілігі туындаған еді. Осыған байланысты Балқаш жағалауын дамыту аясында ауылдық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Себебі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы елді мекеннің әлеуметтік даму деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі саналады.
Аурухананың жұмысы туралы облыс әкіміне Сарқан аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Шылғаубаев баяндады. Оның айтуынша, медициналық мекемеде жалпы тәжірибелік 4 дәрігер және 2 стоматолог қызмет көрсетеді. Ал жазғы шомылу маусымы кезінде аудандық ауруханадан хирург, травматолог, гинеколог мамандар тұрақты түрде іссапарға жіберіліп отырады. Лепсі ауылдық ауруханасының қуаттылығы да осы қажеттіліктерді ескере отырып қалыптасқан.
Мұнда 30 төсектік стационар және бір ауысымда 75 адам қабылдайтын емхана бар. Медициналық мекеме Лепсі ауылы мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі жалпы саны 4,5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Балқаш көліне демалуға келетін туристерге де медициналық көмек ұсынады.
Нысанды аралауда облыс әкімі медициналық мекеменің алдағы жұмысына қатысты бірқатар маңызды міндетті атап өтті.
– Ауыл халқымен қатар денсаулығына байланысты жүгінетін туристердің де бұл ауруханадан сапалы медициналық көмек алуына барлық жағдай жасалуы керек. Соның ішінде ең қарапайым операцияларды жасайтын мамандармен және материалдық базалық мүмкіндіктермен толыққанды қамтылуы да маңызды, – деді Бейбіт Исабаев.
Лепсідегі вокзал мен аурухана құрылысы – бір-бірінен бөлек көрінгенімен ортақ мақсаты бар жобалар. Бірі көлік қатынасын жақсартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасаса, екіншісі тұрғындардың денсаулығын қорғау мен медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.
Лепсідегі құрылыс жұмыстарының аяқталуы да ауыл өміріне оң өзгерістер әкелмек. Ең бастысы, басталған жобалар белгіленген мерзімде сапалы жүзеге асып, халық игілігіне қызмет етуі тиіс.
Балқаш жағалауын дамыту мен Лепсі ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту – бірін-бірі толықтыратын маңызды бастамалар. Туристер үшін қолайлы демалыс орындарын қалыптастыру, кәсіпкерлікке жол ашу, жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар жергілікті халықтың күнделікті тұрмыс сапасын жақсарту да басты назарда. Өйткені өңірдің туристік әлеуеті ең алдымен ондағы тұрғындарға жасалған жағдаймен өлшенеді. Жаңа жағажайлар, жаңарған вокзал мен күрделі жөндеуден өткен аурухана – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Ең бастысы, қолға алынған жобалар ел игілігіне қызмет етіп, Лепсінің ғана емес, тұтас облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Еңлік КЕНЕБАЙ







