Тәуелсіздікті қазақ халқы ғасырлар бойы арман етті. Біз бұл күнге оңай жеткен жоқпыз. Оның алдында талай тарихи оқиға, күрес пен қиындық тұрды. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ел тарихындағы айрықша кезең болды. Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды оқиғалардың бірі – осы Желтоқсан көтерілісі еді. КСРО құрамындағы республикалардың ішінде Қазақстан егемендігін ең соңынан жариялағанымен азаттыққа деген ұмтылысымыз өзгелерден бұрын басталды.
1986 жылы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алғаннан кейін қазақ жастары қарсылық білдіріп, алаңға шықты. Олардың талабы – ел тағдырына қатысты шешімдерде халықтың пікірі ескеріліп, ұлттық намыс аяққа тапталмауы еді. Сол кездегі жастардың әрекеті үлкен батылдықты талап етті. Өйткені кеңестік жүйе тұсында билікке қарсы пікір білдірудің өзі оңай емес болатын. Соған қарамастан, жастар өз ұстанымынан қайтпады. Мен Желтоқсан оқиғасын Қазақстанның ғана емес, Кеңес одағы құрамындағы басқа халықтардың да ұлттық санасына ықпал еткен тарихи оқиға деп есептеймін. Кейін Балтық жағалауы республикаларында, Грузияда және өзге өңірлерде егемендік пен ұлттық дербестік үшін күрес күшейді. Бұл қозғалыстардың әрқайсысының өзіндік себептері болғанымен Желтоқсан оқиғасының тарихи әсерін жоққа шығаруға болмайды.
Егемендікке бастар жолдағы маңызды қадамдардың бірі – 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы болды. Сол кезеңдегі саяси өзгерістерді мен де жақыннан көрдім. 1989 жылы Ленин атындағы кеңшардың директоры болып қызмет атқарып жүрген едім. Сонымен қатар Панфилов аудандық сайлау комиссиясының төрағасы міндетін атқардым. Ол уақытта елдің саяси өмірінде үлкен өзгерістер басталған. Халықтың қоғамдық белсенділігі артып, депутаттыққа кандидаттармен кездесулердің өзінде елдің ертеңіне қатысты мәселелер жиі көтерілетін.
Сол сайлау науқаны кезінде Раушан Жәнібекқызы, Азамат Тұрғанбекұлы секілді азаматтар депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Біздің ауданнан екі азамат кандидат болды. Мен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде олардың халықпен кездесулерін ұйымдастыруға, сайлау жұмыстарының өтуіне жауапты болдым. Бұл кезеңде қоғамның бұрынғыдай емес, өзгере бастағанын анық сезіндік. Адамдар елдегі жағдайды ашық талқылап, ауылдың, ауданның, жалпы республиканың болашағына қатысты өз пікірлерін білдіретін болды.
1990 жылғы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданғанда, бәріміз ерекше қуандық. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет болуына жасалған үлкен қадам еді. Кейін мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, Көк туымыз көтеріліп, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз қабылданды. Сол сәттердегі көңіл-күйді сөзбен жеткізу қиын. Өйткені біз бұрын басқа мемлекеттің құрамында өмір сүріп келдік. Енді өз алдымызға ел болып, өз рәміздерімізді иелендік. Бұл әрбір азамат үшін үлкен мақтаныш болатын.
Алайда тәуелсіздік алғаннан кейін бәрі бірден түзеліп кеткен жоқ. Керісінше, алдымыздан бұрын-соңды кездеспеген күрделі мәселелер шықты. КСРО ыдыраған соң бұрынғы республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзілді. Өндіріс орындарының жұмысы тоқырап, ауыл шар-уашылығы үлкен қиындыққа тап болды. Кеше ғана жоспарлы экономикамен жұмыс істеп тұрған кеңшарлар мен ұжымшарлар жаңа жағдайға бейімделе алмай, біртіндеп тарай бастады. Жұмыссыздық көбейді, халықтың тұрмысы төмендеді. Жалақы мен зейнетақыны уақытында төлеу де қиынға соқты. Көптеген ауыл тұрғындары күнкөріс қамымен басқа жаққа жұмыс іздеуге мәжбүр болды.
Мен бұл қиындықтарды өз басымнан өткердім. 1987-1991 жылдары кеңшардың жұмысын жақсартып, шаруашылықтың тасын өрге домалатуға күш салдық. Ал 1992 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Бұрын қалыптасқан шаруашылық жүйесі бұзылып, өндірістің берекесі кетті. Техника, жанармай, мал азығы, қаржы мәселелері көбейді. Шаруашылықтың жұмысын жүргізу қиындай түсті. Кеше ғана тұрақты жұмыс істеп, халықты жұмыспен қамтып отырған кеңшарлардың өзі қиын жағдайға тап болды. Сол кезде кейде шаруашылықтың жағдайын өзім құлдыратып алғандай күй кешетінмін. Өйткені оған дейін бар күш-жігерімізді салып дамытқан істің көз алдымызда тоқырауға ұшырауы оңай тиген жоқ. Бірақ бұл бір адамның қолынан келетін немесе бір басшының шешімімен түзелетін мәселе емес еді. Тұтас елдің экономикасы өзгеріп, бұрынғы жүйе ыдырап жатқан кезең болатын.
Осындай уақытта ауылдың жағдайын, шаруашылықтардың мәселесін көтеріп, тиісті орындарға жеткізуге тырыстым. Қай жерде болсам да шешімін таппай жатқан түйткілдерді айтудан танбадым. Өйткені ауылдың жағдайы – елдің жағдайы екенін түсіндім. Ауыл шаруашылығы әлсіресе оның зардабын ең алдымен қарапайым халық тартады. Жұмыссыз қалған адамдардың тұрмысы нашарлайды, ауылдың әлеуметтік жағдайы төмендейді. Мұның бәрін күнделікті көріп отырғандықтан, үнсіз қалу мүмкін емес еді. Осы мәселелерді үнемі көтеріп жүргенімнің де ықпалы болды ма деп ойлаймын, 1995 жылы мені Парламент депутаты етіп сайлады. Бұл маған артылған үлкен сенім болатын. Бұған дейін кеңшар басқарған адам ретінде ауылдың жағдайын жақсы білетінмін. Сондықтан елдің мәселесін заң шығарушы органда да көтеру қажет деп санадым.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз тек экономикалық қиындықтарды еңсеріп қана қойған жоқпыз, ұлттық тарихымызды түгендеуге де көңіл бөлдік. Азат ел болғаннан кейін бұрын назардан тыс қалған тарихи тұлғаларымызды, елдік жолындағы ерліктерді қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды. Сол кезеңде Талдықорғанда Қабанбай батырдың, Ескелді бидің мерейтойларын және Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өттік. Бұл шаралар халықтың рухын көтерген, елдіктің мәнін терең сезіндірген маңызды оқиғалар болды.
Осы тойларды ұйымдастыруға сол кездегі облыс басшылары да қолдау көрсетті. Алғашында облыс басшысы Сағымбек Тоқабайұлы болды. Мерейтойлар өтетін тұста облыс әкімі болып Серік Шаяхметұлы келді. Ол кісі де шаралардың өтуіне үлкен қолдау білдірді. Мұндай тарихи жиындар сол кезеңдегі халық үшін ерекше маңызды еді. Өйткені ел экономикалық қиындықты бастан өткеріп жатқанда, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарға назар аудару халықтың еңсесін көтеретін.
Кейін экономикалық жағдай одан әрі күрделеніп, кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, олардың басшылары да, қарапайым еңбек адамдары да қиындыққа тап болды.
Өңірлерде жұмыс табу оңай болмады. Халықтың тұрмысы төмендеген соң облыстың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлады. Мұндай жағдайда бұрынғыдай үлкен мерейтойлар мен ауқымды шаралар ұйымдастыру мәселесі де кейінгі орынға ығысты. Өйткені ең алдымен халықтың күнкөрісін, шаруашылықтардың жағдайын ойлау қажет болды.
Қазір сол жылдарды еске алсам, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі қаншалықты күрделі болғанын түсінемін. Біз бір жағынан жаңа мемлекеттің негізін қалыптастыруға кіріссек, екінші жағынан халықтың тұрмысын сақтап қалуға күш салдық. Кеңестік жүйеден нарықтық жүйеге өту оңай болған жоқ. Бірақ сол қиындықтарға қарамастан, ел еңсесін түсірмеді. Уақыт өте келе экономика да қалыпқа келе бастады, мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты, Қазақстан әлемге дербес мемлекет ретінде танылды.
Мен үшін Тәуелсіздіктің қадірі – осы жолдың бәрін көзбен көріп, өз басымнан өткергендіктен ерекше. Біз егемендікті жариялаған сәттегі қуанышты да, одан кейінгі қиындықтарды да ұмытпауымыз керек. Өйткені бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың артында сол кезеңдегі халықтың төзімі, еңбек адамдарының табандылығы және ел тағдырына алаңдаған азаматтардың еңбегі жатыр.
Тәуелсіздік бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Оған қол жеткізу қаншалықты маңызды болса, оны сақтап, нығайту да соншалықты маңызды. Біз өз дәуірімізде мемлекеттілікті нығайтуға, елдің іргесін бекітуге, кездескен қиындықтарды еңсеруге күш салдық. Ендігі міндет – тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, оның тұғырын берік сақтай отырып, келер ұрпаққа аманат ету. Өйткені Тәуелсіздік – бізге дейінгі ұрпақтың арманы, біздің буынның бақыты және келешек ұрпақтың ең қымбат мұрасы.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ
Мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы






