Қай уақытта да елдің еңсесін тіктеп, халықтың берекесін бекемдейтін басты құндылықтың бірі – заң мен тәртіп болған. Тәртіпке бағынған елдің тұғыры биік, заңын құрметтеген жұрттың келешегі кемел. Өйткені қоғамдық тыныштық пен азаматтардың алаңсыз тіршілігі, мемлекеттің тұрақты дамуы ең әуелі құқықтық мәдениет пен ортақ жауапкершілікте.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында осы мәселеге айрықша мән берілуі тегіннен-тегін емес. Президент Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды қалыптастыру жолында заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің айрықша маңызын атап көрсетті.
Заң бар жерде әділдік салтанат құрады, тәртіп бар жерде тыныштық орнайды. Сондықтан Жолдауда көтерілген «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіндегі басты бағдарға айналуы тиіс. Азаматтың ары мен құқығын ардақтау, конституциялық бостандықтарын қорғау, заң алдында жұрттың бәріне бірдей талап қою құқықтық мемлекеттің басты белгілерінен саналады. Әділдікке деген ел сенімі де осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде нығаяды.
Қоғам қауіпсіздігі қырағылық пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Құқықбұзушылықтың алдын алу, оның туындауына түрткі болатын себептерді зерделеу, тұрғындармен тығыз байланыс орнату осы бағыттағы жұмыстың өзегін құрайды. Әсіресе халықпен ашық пікір алмасып, ел ішіндегі түйткілдерге дер кезінде құлақ асу маңызды. Өйткені тәртіптің түп негізі сенім мен өзара сыйластықтан, ортақ мүддеге қызмет етуден бастау алады.
Президент елді мекендер мен қалаларды халық үшін қауіпсіз әрі жайлы ортаға айналдыру міндетіне де ерекше тоқталды. Бұл ретте заман көшінен қалмай, құқық қорғау саласына озық технологияларды енгізудің маңызы зор. Бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану, құқықбұзушылықты талдау құралдарын жетілдіру қызметтің шапшаңдығы мен сапасын арттырады. Қырағы камера мен құнды дерек, жедел әрекет пен жүйелі сараптама қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің пәрменді тетігіне айналып келеді. Мұндай жаңашылдықтар әрбір оқиғаға уақыт оздырмай ден қоюға, қатердің алдын алуға жол ашады. Сонымен қатар құқықтық жүйені жетілдіру, заңнаманы уақыт талабына сай жаңарту да күн тәртібінен түспейтін міндет. Заңның өміршеңдігі оның қағаз жүзіндегі пәрменімен ғана өлшенбейді, ең бастысы, ел игілігіне қызмет етіп, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталуы қажет. Құқықтық сауаттылықты арттыру, жас ұрпақтың бойына заңға құрмет сезімін сіңіру, қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру да осы істің ажырамас бөлігі.
Ел тыныштығы ердің еңбегімен, жұрт амандығы жауапты қызметпен келеді. Дегенмен қоғамдық тәртіпті сақтау құқық қорғау құрылымдарының ғана міндеті деп қарауға болмайды. Әрбір азамат өз ісіне адал болып, заң талаптарын құрметтеп, айналасына жауапкершілікпен қарағанда ғана ортақ мүдде ұлықталады. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген халық даналығының мәні де осында. Заңды сыйлау мен тәртіпті сақтау күнделікті дағдыға айналғанда, қоғамның да іргесі бекемделеді.
Құқық қорғау органдарының жеке құрамы Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру жолында ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді. Қоғам тыныштығын күзету, азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы қызмет алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.
Қайсар МУХМЕТОВ
облыстық ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы






