Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнеске ұзақмерзімді қаржыландыру ұсыну мәселелеріне ерекше назар аударды.
Президент орта бизнесті дамыту, кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және шағын кәсіпорындардың ірі компаниялармен байланысын нығайту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелерін қалыптастыру, артық әкімшілік кедергілерді азайту маңызды міндет ретінде белгіленді. Жолдауда көтерілген басымдықтар «Даму» қорының кәсіпкерлерді қолдау бағыттарымен үндеседі. Қор бюджет қаражаты есебінен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігінен біртіндеп нарықтық кепілдік беру құралдарына көшіп, бизнеске тұрақты әрі ұзақмерзімді қолдау көрсетуге басымдық беріп отыр.
«Даму» қорының облыстық филиалы 2022 жылдан бері аймақта қордың қолдау құралдары арқылы жалпы сомасы 242,5 млрд. теңгені құрайтын 3,9 мың кәсіпкерді қамтыды. Бұл көрсеткіш облыс кәсіпкерлерінің қаржылық қолдау тетіктеріне сұранысы жоғары екенін аңғартады. Өткен жылғы маусымнан бастап Қор жылдық 12,6 пайыз тіркелген сыйақы мөлшерлемесімен «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске асырып келеді. Бағдарлама инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, айналым қаражатын толықтыруға және қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Инвестициялық мақсаттарға 7 млрд. теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд. теңгеге дейін несие беріледі. Инвестициялық несиелердің мерзімі 10 жылға дейін белгіленген. Бағдарламаның жалпы көлемі 750 млрд. теңгені құрайды.
Облыста жыл басынан бері «Өрлеу» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2,8 млрд. теңгені құрайтын 81 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл қаржы кәсіпкерлерге өндірісін дамытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және айналым қаражатын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір маңызды құралы – «Іскер аймақ» бағдарламасы. Оның аясында микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтеріне инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер бойынша субсидия беріледі. Несие сомасы 200 млн. теңгеге дейін, мерзімі 3 жылға дейін белгіленген.
Субсидиялау мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 40 пайызын құрайды, ал кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 12,6 пайыздан төмен болмайды.
Биылғы тоғыз айда облыста осы құрал аясында жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 20 жобаға қолдау көрсетілді. Ішкі сауда саласындағы кәсіпкерлер де мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалмайды. Сауда нысандары мен базарларды жаңғыртуға бағытталған бағдарлама бойынша облыстық маңызы бар қалаларда несиенің ең жоғары сомасы 3 млрд. теңгені, ал шағын және моноқалаларда, ауылдық елді мекендерде 1,5 млрд. теңгені құрайды. Инвестициялық жобаларға субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін белгіленген. Алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста ішкі сауда субъектілеріне арналған бағдарлама аясында жалпы сомасы 800 млн. теңгені құрайтын 3 жобаға қолдау көрсетілді.
Кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселелердің бірі – кепілмен қамтамасыз ету. Осыған байланысты Қор кепілдік беру тетігін ұсынады. Кепілдік несие сомасының 85 пайызына дейінгі бөлігін жабады, алайда оның мөлшері 3,5 млрд. теңгеден аспайды. Бұл құрал кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге қаржыландыру алу мүмкіндігін кеңейтеді. Биылғы тоғыз айда облыста жалпы несиелік портфелі 21,5 млрд. теңгені құрайтын 245 кепілдік шарты жасалды. Оның ішінде Қор кепілдіктерінің сомасы 13,6 млрд. теңгені құрады. Қолдау алған жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл аймақ экономикасында аграрлық сектордың маңызды орын алатынын көрсетеді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, кәсіпкерлікті дамыту тек қаржылай қолдаумен шектелмеуі тиіс. Бизнеске өнім өндіруге, оны өткізуге, жаңа технологияларды енгізуге және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «Даму» қорының қаржыландыру және кепілдік беру құралдары аймақ кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды тетік. Осылайша аймақта жүзеге асырылып жатқан қолдау шаралары кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жобалардың іске қосылуына және экономиканың нығаюына ықпал етуде. Алдағы уақытта да бизнеске қолжетімді қаржыландыру ұсыну, инвестиция тарту және кәсіпкерлердің тұрақты дамуына жағдай жасау экономикалық өсудің негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.
Әлия НҰҒМАНОВА
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының
бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері






