Бүгін Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Қала әкімі Ернат Бәзіл шараға қатысып, ерікті жастармен бірге 200 түп ағаш көшетін екті.
Шаһар басшысының сөзінше, биыл қала аумағына 10 мың түп ағаш көшетін егу жоспарланған. Нәтижесінде күз мезгілінің өзінде 8 мыңнан аса ағаш көшеттерін екпекші.
«Біздің қаламыздың атының өзі айтып тұрғандай Талдықорғанымыздың одан әрі жасарып, көркеюі үшін жасыл желектерімізді егіп жатырмыз. Біз көбіне біздің климатқа бейімделген шырша, қарағай, қылқан жапырақты ағаштарын егеміз. Бұл жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпей енді көктем-күз айларында қаланың тысқары аумағында жүйелі түрде қамтымақпыз», — деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өзге мекемелер де үлестерін қосып, ағаш көшеттерін отырғызуда.
Атына заты сай қалада тұрып, осындай ауқымы кең акцияға атсалысқанымды мақтан тұтамын. Ауасы таза, табиғаты көркем жерді көріктендіру барлығымыздың ортақ мақсатымыз деп білем. Өзге тұрғындарды да игі шараға қатысуға шақырамын, — деді Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жанерке Бексеитова.
Айта кетейік, Талдықорғанда көктем айларында 1500 түп ағаш көшеттері егілгілген болса, алдағы уақытта 8500 түп ағаш егілмек.
Мәулен Әнербай
Суретті түсірген автор





