Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл шаһардағы 8 шағын ауданға барып ондағы жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен басқа да бірқатар нысандарды аралап құрылыс жұмыстарымен танысты.
Осы орайда қала басшысы облыс орталығындағы «Жастар» спорт сарайы маңында бой көтерген волейбол ғимаратына да ат басын бұрып, ондағы аумақтардың абаттандырылуы мен бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан үстел теннис орталығын көзбен көрді. Аталған нысандарды аралау барысында Ернат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыстың сапалы болуы басты талап екенін баса ескертіп, байқалған кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды.
Мамандардың мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мұқтаж жандарды баспанамен қамту өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі. Қазір Талдықорған қаласы бойынша 15 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған байланысты бүгінде Жетісу облысында тұрғын үй құрылыстары қарқынды. Мәселен, өткен жылы 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болса, биыл тағы 2 мыңнан астам жанұя жаңа қоныстойын тойлайды деп күтілуде.
– «Қазір жылдан жылға жасарып жайнап келе жатқан Талдықорған қаласында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген әлеуметтік нысандармен қатар көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Бұл бой қөтеріп жатқан үйлердің біразы жергілікті бюджет есебінен, тағы біразы жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызуда. Жоспар бойынша Жетісу облысының орталығында әр жылы 2 мыңнан астам адамды тұрғын үймен қамту көзделген. Сондықтан әр салынып жатқан құрылыстың сапалы болуы бәрінен маңызды», –дейді құрылысқа жауаптылар.
Айдын КӘЛІМХАН





