Облыста ауылдарды газбен қамту жұмысы жоғары деңгейде атқарылуда. Бұл жолы Көксу ауданының Жетіжал, Мәулімбай және Еңбекшіқазақ ауылдарына газ берілді.
Жетіжал ауылында өткен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мәди Карбаев көгілдір отынның пайдасын айтып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Азамат Кемелов облыс көлемінде атқарылып жатқан газдандыру жұмыстарын тілге тиек етіп, ауылдастардың қуанышына ортақтасты.
– Біз бұл күнді ұзақ күткеніміз рас. Енді от жағып, күл шығарып, көмір тасу сынды бейнеттен құтыламыз. Күн суытқанда үйлерге газдың қосылуы үлкен қуаныш болды. Мұны біз халыққа уақытылы жасалған жақсы жағдай деп қабылдаймыз. Жалпы, халық барда ешқандай да қиыншылық болмайды, – деді Жетіжал ауылының тұрғыны Бақаш Нүсіп.
Былтыр қараша айында мердігер «ST.LTD» ЖШС бастаған құрылыс жұмысына 218 811 141,42 теңге қарастырылған. «Тұран Құрылыс» ЖШС техникалық қадағалау жүргізген жұмыс жүйелі іске асқан. Мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы жұмыс тиянақты әрі уақытылы аяқталған. Ауылдағы газ құбырының жалпы ұзындығы 10,5 шақырым. Газ шығыны сағатына 956,3 м3 құрайды. Бұл елді мекенде 250 абонентті толық қамтуға мүмкіндік береді.
Ал Мәулімбай ауылын газдандыру жұмысын мердігер «Almaty Production Construction & Invest» ЖШС атқарған. Айта кетейік, Мәулімбай ауылында 419 адам тұрады. Жалпы абонент саны 61. Газ құбырының ұзындығы 23,5 шақырым.
Дәл осындай қуаныш Еңбекшіқазақ ауылында да орын алды. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын «Газ Энерджи Құрылыс» ЖШС бастаған құрылысқа 150 655 906,80 теңге бөлінген. 1027 адам тұратын ауылда 193 абонент газға қосылмақ.
– Ауылды жерлерді газдандыру жұмысы жүйелі атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін аудандағы 13 елді мекен газдандырылды. Енді қалған ауылдарда да тұрақты түрде газ жүргізу жұмысы іске асады. Бұл тікелей жауапты мамандардың басты қадағалауында, – деді аудан әкімінің орынбасары Мәди Карбаев.
Еңбекшіқазақ ауылында ең алғаш болып 8 баланың ардақты анасы Шайбала Сапашова үйіне газ қосқан.
– Біздің ауыл кие қонып, бақ дарыған ауыл. Тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Халық үшін осыдан артық не керек? Ауыл болып газдың берілуін тілеп отырғанбыз. Енді, міне, тілек орындалып, үйімізге көгілдір отын келді. Бір қыста 6-7 тонна Шұбаркөл көмірін жағып тастайтынбыз. Оның машақаты да жоқ емес. Енді бұйыртса бір тетікті басып қана үйімізді жылытамыз. Ең бастысы – елімізден, үйімізден жылу кетпесін. Ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға аналық жүрегіммен алғыс айтамын, – дейді жетпістен асқан ардақты жан.
Жалпы, Көксу ауданы бойынша 34 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Бүгінде аудан бойынша 13 елді мекен газдандырылып, 3 мың 291 абонент газға қосылды. Қазір 11 елді мекенде газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін аудандағы газдандыруға жататын елді мекеннің барлығы 100 пайыз газдандырылады деп жоспарлануда.





