Талдықорған қаласының Салтанат сарайында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Онда сала мамандарының қажыр-қайраты мен атқарған жұмыстарына байланысты бейнеүзік көрсетілді.
Келесі кезекте Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз алып, көпшілік қауымды мерекемен құттықтады.
– Сіздерді «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мейірімділік пен жақсылықтың бұл мерекесі барлығына жанашырлық қажеттілігін еске салатын жақсы дәстүрге айналды. Сіздердің әлеуметтік саладағы тынбай атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте маңызды және қоғамға қажет. Осындай жауапкершілігі мол, халықтың әлжуаз, қолдауға мұқтаж тобымен аянбай қызмет етіп келе жатқан әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі орасан зор, – деп халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауда жан-жақты тер төгіп жүргендерге шексіз ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада ыстық ықыласын ақтарған «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Амантай Раев, Жетісу облысының есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған «Инклюзия» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айгүл Оқбаева мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайға алғыс айтты.
Әрмен қарай жиын марапаттау рәсіміне ұласып, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, үздік деп танылған мемлекеттік мекемелерге ақшалай сыйлық тарту етілді. Бұдан бөлек сала мамандарына «Еңбек ардагері» медалі және «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Жетісу облысының әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің саны 2 мыңнан асса, оның төрттен бір бөлігі немесе 500-ден астамы әлеуметтік қызметкерлер. Облыста әлеуметтік осал топқа жататын 43 мың азаматқа 5,1 млрд.теңге көлемінде түрлі әлеуметтік көмек берілсе, оның ішінде биыл алғаш рет 18 жасқа дейінгі 32 мыңға жуық мүгедектігі бар балаға 6 АЕК құрайтын (22152 теңге) бір реттік әлеуметтік көмек 73,0 млн. теңге көлемінде төленді. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторлы-курорттық емдеуде алып жүру үшін жеке көмекшілерге біржолғы әлеуметтік көмек бекітілді.
Мәулен Әнербай





