Республика күніне орай Текелі қаласында блок-модульді медициналық нысан ашылды. Ғимарат қала әкімі аппаратының тапсырысымен салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Оған жұмсалған қаржы 49 504 000 теңге. Медициналық мекеменің ашылуы сән-салтанатпен өтті.
Орталықты мердігер ТОО «Айд-Строй» салды. Ғимараттың жалпы аумағы 0,09 гектар. Онда бір мезетте 15 емделушіге алғашқы медициналық көмек көрсетуге болады.
Салтанатты шара аясында қала әкімі Алмас Әділ сөз сөйлеп, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Бұл әуелі халық үшін, содан барып медицина қызметкерлері үшін үлкен қуаныш екенін атады.
– Қолжетімді медициналық көмек алуға тиімді жағдай жасау мақсатында орталықтан шалғайлау тұратын тұрғындардың сұранысына орай салынды. «Металург» шығын ауданында жалпы 2799 тұрғын бар, оның 243 балалар. Бұл орталықта 1 дәрігер, 6 мейірбике мен 1 санитар жұмыс істемек. Алдағы уақытта заманауй медициналық бекетте саламатты өмір салтына талпындыратын шаралар, денсаулық күндері, профилактикалық, скрингтік тексерулер жүргізілетін болады.Республика күніне мерекелік тарту – шағынаудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенемін.Мемлекет қолдауын әр азамат сезіну біз үшін маңызды, – деді шаһар басшысы.
Жиын соңында қала әкімі халықты айтулы мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық тіледі.
Медет ЖҰМАБАЙ





