Қаратал ауданына қарасты Көкпекті ауылына табиғи газ жетіп, алғашқы отбасы көгілдір отынға қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Чамиренов, «ЖетісуГазСервис» ӨК» КМК-нің басшысы Мирас Қожахметов қатысты.
Үйіне газ тартылған Көкпекті ауылының тұрғыны Дания Төлеубергенова: «Отбасымызбен Талдықорған қаласынан туған ауылымызға көшіп келдік. Ауылымыз жайнап, өркендеп келеді. Жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстары бізді қуантады. Бұған дейін көмір мен отын сатып алатынбыз. Пеш жағып, күл шығару оңай жұмыс емес. Бұл үйдегі тазалыққа әсер етеді. Газ қосылып, қыстай үйіміз жылы болады деп бүкіл үй ішімізбен қуанып отырмыз. Көгілдір отынмен қамтамасыз еткен мемлекетке, облыс, аудан басшылығы мен компанияға шексіз алғыс білдіре-мін», – деп ақжарма тілегін ақтарды.
Қаратал ауданында 35 елді мекен болса, оның 19-ы газдандыруға жатады. Ауданда Үштөбе газ тарату стансысы салынды. Бүгінгі таңда 11 елді мекенде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, аудандағы 3 ауылда газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл елді мекендерді газға қосу жұмыстары жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Үштөбе қаласын газдандыруға республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Келісімшарт бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылдың аяғы. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Қаратал ауданындағы 19 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді.
Бүгінде облыс бойынша газдандыру деңгейі 51,1 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысының Жетісу облысына келген сапарында берген тапсырмасы аясында жергілікті сызбаға сәйкес 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін, соның ішінде Панфилов ауданын қоса алғанда, барлығы 126 елді мекен газдандырылып, жалпы 506 мың адам көгілдір отынның игілігін көретін болады. Сөйтіп 2025 жылдың соңында облыста газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді деп межеленіп отыр.
Ал жобаның екінші кезеңінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыруға қажетті «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы әзірленді. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші жартысында басталады деп күтілуде. Бұл кезеңде аталған 3 аудандағы 66 елді мекенге газ құбыры тартылады. Сөйтіп 2028 жылдың соңына қарай облыста газдандыруға жататын 124 мыңға жуық тұрғыны бар 192 елді мекен толық газдандырылады деген жоспар бар.
Айдар ҚАЛИЕВ
Қаратал ауданы





