Республика күні қарсаңында Көксу ауданының Балпық би және Жарлыөзек ауылдарындағы құрылысы аяқталған 17 үйдің кілті тұрғындарға тапсырылды. Салтанатты шараға Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
– Мереке қарсаңында көптеген қуаныштың куәсі болып жатырмыз. Жыл басында 10500 шаршы метр үйді қолданысқа береміз деп жоспарлағанбыз. Бүгінге дейін 7500 шаршы метр үйді тапсырдық. Қалғаны жыл соңына дейін орындалады. Келесі жылы тағы да 50 үйдің кілтін тапсырсақ деген жоспар бар. Сонымен қатар, «Отбасы банкі» арқылы төмендетілген пайызбен 40 отбасы баспаналы болса, алдағы уақытта тағы да 20 пәтер өз иесін таппақ. Қыркүйек айында Қаратал ауылындағы жаңа мектеп қолданысқа беріліп, жаңа балабақша бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Биыл 17 ауылдың тұрғыны табиғи газға қосылады, – деді аудан әкімі.
2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде биыл Көксу ауданы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 50 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлаған. Оған бюджеттен 840 660 000 теңге қаражат бөлініп, Балпық би, Жарлыөзек, Мұқыры ауылдарында жалпы ауданы 60 шаршы метрден жоғары жалға берілетін, жеке тұрғын үй салу және сатып алу бойынша жеке кәсіпкерлермен келісімге келген. Сонымен Балпық би ауылындағы 23 жеке тұрғын үй құрылысын «Smart Taldykorgan» ЖШС, 7 үйді «Kazakhstan grand Construction» ЖШС, Жарлы- өзек ауылында 10 үйді «Восток Строй Энерджи» ЖШС, Мұқыры ауылындағы 10 үйді «Көксу проект» ЖШС жүргізетін болып белгіленген.
Міне, соның 17 үйі, нақтылап айтар болсақ, Балпық би ауылындағы 13, Жарлыөзек ауылындағы 4 үйдің құрылысы аяқталып, Республика күні қарсаңында үй кезегінде тұрған отбасы иелеріне тапсырылды. Қалған үйлер жыл соңына дейін иесін табады.
Балпық би ауылының №14 және Жарлыөзек ауылының Құндақбаев көшелерінің бойына орналасқан үйлердің салтанаты ерекше. Сыртқы келбеті, ішкі безендірілуі бірдей әрі төзімді материалдан салынған құрылыстың сапалы екені көрініп тұр. Қоршаулары ретті, ауласы таза, су, жылу желілері толық тартылған үйлер қоныс иелерінің көңілінен шыққаны анық. Жүздерінен қуаныш лебі есіп, бір-бірін құттықтасып жатты.
– Үй кезегінде тұрғаныма 10 жылдан асты. Ғұмыр бойы ұстаздық жұмыс істеп, 5 баламды ержеткіздім. Немерелерім де өсіп келеді. Осыған дейін 80 жасқа келген жұбайыммен балаларымыздың үйінде тұрып келдік. Міне, енді жаңа баспанаға ие болғаныма қуаныштымын, – дейді Балпық би ауылының тұрғыны, зейнеткер Әуесбала Омарова.
Жарлыөзек ауылынан үйлі болған тұрғындар да қуанышымен бөлісті:
– 2021 жылы көпбалалы ана ретінде кезекке тұрдым. Міне, кезегім келіп, баспаналы болып жатырмыз. Бес баланың анасымын, жұбайым зауытта жұмысшы. «Жаңа үйге кіреміз» деген балалар қуанышында шек жоқ. Басқаларға да осындай жаңа үй бұйырсын деп тілеймін, – дейді Жарлыөзек ауылының тұрғыны Рұқия Райым.
Осы ретте баспаналы болғандардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер де болды.
– Балпық би ауылынан Ауған соғысына ағайынды Ғапу мен Ғабдул Басшыбаевтар бірге аттанды. Қаруласымыз Ғабдул ағаның отбасына да баспана кілті тиді. Енді Оразгүл жеңгеміз балаларымен бірге осы үйдің түтінін түтетіп, алдағы күндерін алаңсыз өткізетін болды, – дейді Ауған соғысының ардагері Мырзабек Сейітов.
Соңында Көксу ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубай Бәзілов, аудандық мәслихаттың төрағасы Жамбыл Бейсенбай, аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Мәлік Бейсенов, Жарлыөзек ауылының ақсақалдар алқасы Аманжол Нұрпейісов баспаналы болған ауылдастарының қуанышымен бөлісіп, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.
Қажет АНДАС
Көксу ауданы
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай





