Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – Еңбек күні мерекесі. Осыған орай Тіл сарайында мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев және әр салада нәтиже көрсетіп жүрген еңбеккерлер қатысты.
Аймағымызды өркендету үшін тер төгіп, қызметін абыроймен атқарып жүрген білікті мамандардың жұмысын бағалау, оларға құрмет көрсету мақсатында өткізілген басқосу облыс әкімі орынбасарының құттықтау сөзінен бастау алды.
– Жер жаннаты Жетісудан абыройлы ісі мен еңбекқорлығының арқасында жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген 100-ге жуық Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олардың есімдері тарих сахнасынан өшпейді. Еңбек адамы қашанда құрметке лайық. Облыстың қарыштап дамуына, еліміздің өркендеуіне аға буынның, өз ісінің нағыз мамандарының қосқан үлесі зор, – деп еңбек адамдарын мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстанның Құрметті журналисі Әміре Әрін облыс экономикасының іргетасын берік қалап, қажырлы еңбек еткен ардагерлерді мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды. Осыдан кейін әр салада жемісті еңбек еткен білімді де білікті мамандарға облыс әкімінің Алғыс хаты және 100 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Жол құрылысы бойынша Николай Юдин, өндірісте Жәнібек Байсалбаев, Тілеужан Тұңғышбаев, Андрей Костин, кәсіпкерлікті дамытуда Төлеген Шора, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында Берік Қалиев, ауылшаруашылығында Құсайын Жиендинов, Қайрат Үйсінбаев, Райымбек Ахметқалиев, денсаулық сақтауда Гүлнар Жүнісова, білімде Күлзяш Қараболова, мәдениетте Базарбек Тоқымтаев, ақпарат саласында Жанар Ыстыбаева, спортта Серікбай Тұрлыбеков, әлеуметтік салада Роза Тайсерікова, Бинұр Берікбаева, Бибисахидам Курбанова, заң саласында Нұрбол Ерболғанов пен Бақытжан Әшімов марапат төрінен көрінді.
Шара барысында марапат иесі «Azia Canal Qurylys» ЖШС-нің дәнекерлеушісі, слесарь Айдын Юньчань:
– Мен 1987 жылдан бастап құрылыс саласында табан аудармай жұмыс істеп келемін. Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Уақытпен санаспай сапалы үй, зәулім сарайлар тұрғыздық. Талдықорғанда «ЦУМ» сауда үйін, полиция департаментін салдық. Дана халқымызда «Ердің атын еңбек шығарады» деген тәмсіл бар. Біздің осы күнге жеткеніміз еңбектің арқасы. Мен қызметімді, еңбегімізді елеп, игі шара ұйымдастырып отырған жандарға алғыс білдіреміз, – деді.
Салтанатты шараға жиналған көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ





