Талдықорған қаласындағы «Жастар» 1/1 шағын- ауданының тұрғындары үшін таза ауызсу бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселе еді. Алты жылдан астам уақыт бойы тіршіліктің нәрін тасып ішкен ағайын талай мәрте әкімдіктің есігін тоздырды. Өңірге сапарлай келген атқамінерлерді де қанша мазалады. Биыл күзден бастап шағынауданның тұрғындары үшін түйіннің тіні тарқайды. Енді ешкім көше жағалап, иінағашпен су тасымайды. Өйткені, тап қазір мұнда су және кәріз жүйесі тартылуда.
Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Барлыбековтың айтуынша, шағынаудандағы мәселені шешуге бюджеттен 368,6 млн. теңге бөлінген. Су және кәріз желісін тарту жұмыстарын «Қазақстан Электрокомплекс» ЖШС жүргізуде. Жұмыстардың жүйелі жүруін «KZ Құрылыс Сапа» серіктестігі бақылауда ұстауда.
– Бұл ауданда қазір 700 адам тұратын 158 аула бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындардың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында осындай ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме су желісін тұрғындардың ауласына кіргізіп беріп жатыр. Шыны керек, «Жастар» 1/1 жаңадан бой көтерген шағынаудан. Мұнда үй салынбаған жер телімдері жеткілікті. Жоба бойынша аудан аумағы ұлғайса да су және кәріз желісінің мүмкіндігі төмендемейді, – дейді Алмас Барлыбеков.
Қазір желі тарту жұмыстары 90 пайызға аяқталған. «Қазақстан Электрокомплекс» ЖШС-нің маманы Бекет Жүсіповтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын 25 адам, 10 техника жүргізген. Мердігер мекеме өкілдері желі тарту жұмыстары межелі уақытында берілетініне, ауызсу мен кәріз желісінен ешқандай мәселе туындамайтынына сендірді. Өйткені серіктестік сапалы жұмысты басты назарға ұстаған.
Бұрын энергетика саласында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген Елубай Төлеубек су тасыған азапты күнінен құтылатынына қуанышты. Осы маңнан 3,5 жыл бұрын баспана салған ақсақал жергілікті атқарушы орган өкілдеріне алғаусыз алғысын жеткізді.
– 3,5 жыл бұрын ықшам- ауданда үй салдық. Жаңа ауданға жаңаша көзқарас болады деп сенгенбіз. Алайда былтырға дейін талай азапты көрдік. Суды тасып іштік. Қала іргесінде тұрсақ та өз күшімізбен тартып алған электр желісінен де зәрезап болдық. Оны қойып көгілдір отын дегенді облыс орталығының бір бөлігі болсақ та түсімізде көруші едік. Былтыр ауданымызға газ және электр желісі тартылды. Биыл кәріз және ауызсу желісі тартылып жатыр. Шынында қалада тұратынымызды сезініп жатырмыз. Енді жолымызды жөндеп, арық желісін салып берсе. Жол жүргенге жақсы, ал арық ауладағы бес-алты түп ағашымыз бен азғантай бақшамызды күтіп-баптауға қажет-ақ. Қазір цистернамен суды сатып алып, азын-аулағымызды сонымен суарып отырмыз, – дейді Елубай Төлеубек.
Елубай Төлеубектің арманы да орындалар күн жақын. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары бірер жылда тасжол төселетінін жеткізді.
Дастанбек САДЫҚ





