«Умные детки» жекеменшік мектебі алғашқы кезде балабақша ретінде ашылды. Сонымен бірге балаларға қосымша білім беру қызметін де атқарды.
Бастапқыда кәсіпкер Гаухар Батырбекова жұбайымен бірге Талдықорған қаласының орталығында орналасқан жеке тұрғын үй іргесіндегі үй-жайды күрделі жөндеуден өткізіп, мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қосымша оқыту үшін орталық ашты. Кәсіпкер келіншектің қолға алған бұл ісі бірте-бірте жанданып, жұмысы алға басты. Осылайша, ол ісін кеңейтуді ойлап, мектепалды даярлығы бар балабақша ашуға бел буды. Өйткені мемлекет қазір осындай игілікті істерді өркендетуге атсалысқандарға барынша қолдау көрсетуде.
Нәтижесінде Гаухар Елтайқызы жеке мектеп ашуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан 8 пайыз несие алып, жоба «Даму» қоры «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша қолдауға ие болады. «Умные детки» жекеменшік мектебі 1 қыркүйекте жасөспірімдерге есігін айқара ашты. Мектепте 1-4 сынып оқушылары оқытылады. Онда білікті де білімді оқытушылар сабақ береді.
Оқушылар саны шектеулі, яғни, әр оқу тобында 20 бала білім алады. Бұл мұғалімнің әр оқушымен ыңғайлы қарым-қатынас жасауына және олардың оқу үлгерімін мейлінше бақылауына мүмкіндік береді. Мектепте 200 оқушыға арналған 10 сынып бар. Білім ордасында оқушылар күніне екі рет тамақтанып, таңғы және түскі аспен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олар тағамдармен түстен кейін де тамақтана алады.
А. Ыбырай
Талдықорған қаласы





