Президент Жолдауында халыққа игілік ұсынатын бастама мол екен. Оларда ел тіршілігіне серпін беретін халық шаруашылығының салалары толық қамтылыпты десе де болады. Солардың арасында мені қызықтырғаны банктерге байланысты пікірі.
Кеңес кезеңінде өмір бойы банктің аудандық бөлімшесінде қызмет істедім. Бұрынғы Талдықорған облысының Бөрілітөбе, Қапал, Үштөбе және Панфилов аудандарында кеңестік банктің аудандық бөлімшелерін басқардым. Ол кезде Кеңестер одағындағы барлық банк буындарының күнделікті қызметін бір орталықтан, яғни Мәскеуден басқарып, бақылап отыратын. Бір тиынның есебі дұрыс шықпаса соның жөнін тауып, орталыққа есебін бергенше әлекке түсуші едік. Айтайын дегенім, еліміздегі банктердің қызметін осындай бір жүйеге келтірген абзал. Сонда ғана қоғамдық дертке айналған алаяқтық пен жемқорлыққа тосқауыл қойылатын еді.
Халықтың қаржылық сауатын арттыру, әлеуметтік әмиян жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы уақыт талабынан туындаған мәселе деп білемін. Ел ықтиятын көтеру бағытында экономикалық оқулар мен үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керек.
Кеңесбек СЕРӘЛИЕВ,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы
Жаркент қаласы




