Осы жылы Жетісу облысының көлемінде 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделуде.
Жол жөндеу жұмыстары Көксу ауданында да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана ауылда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын 5 көше жөндеуден өтуде.
— Жол сапасын жақсарту мақсатында ауданда биыл 20 км болатын 47 көшеге орташа жөндеу жоспарланған, соның 12-сі «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделуде. Бүгінгі күнге 35 көше асфальтталып бітті. Бұл ретте Мұқыры ауылында ұзындығы 2 км болатын 5 көшені – 1-ші жаңа көше, 2-ші жаңа көше, Әуезов, Гагарин, Жамбыл атындағы көшелердің орташа жөндеуі аяқталуға жақын, бүгінде 4-еуінде жұмыстар бітті, қазір 5-ші көше асфальтталуда. Мұнан соң жол жиектерін нығайту, жол белгілері мен таңбаларын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу қыркүйектің соңында толық аяқталады. 2025 жылы осындай жұмыстар Еңбекші, Мұқаншы, Жарлыөзек және Лабасы ауылдық округтерінде қолға алынады, — деді Көксу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Жұмат.
Жалпы Жетісу облысында биыл облыстық маңызы бар автожолдарда барлығы 29 жобаны іске асыру және 54 елді мекеннің ішкі көшелерінде жөндеу жұмыстары жасалуда.
Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 335,7 шақырымына (облыстық – 182 км; аудандық/қалалық — 157 км) қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 94%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Жетісу облысының әкімдігі





