Қоғамның ілгерілей дамуы үшін әлеуметтік-құқықтық институттарға көп міндет артылады. Мұндай құрылымдардың саны молайғаны сол міндеттердің қапысыз орындалып жатқанын аңғартса керек. Демократиялық үдерістің көшіне ілескен Қазақстанда құқықтық сананы қалыптастыратын, осы уақытқа дейін мемлекет өзі атқарып келген кей функцияларды осы күні қалтқысыз орындап келе жатқан институттың бірі – жеке сот орындаушылары. Басында талай жұрттың зәресін қашырып, кейін елдің құлағын да, санасын да үйреткен осынау институт шын мәнінде заң мен оның талабының үстемдігін қалыптастыруда үлкен шаруаны игеріп отыр. Қалай дейсіз ғой? Соны таразыласақ…
Көп дүниені тарихтың тәмсілімен сыналай түсетін әдеттен бастасақ, жалпы жеке сот орындаушылар ең әуелі Францияда қолданылған екен. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Эстония мен Латвия елдерінде де жеке сот орындаушысы ерте пайда болған. Көптеген дамушы мемлекеттер үлгіні Франциядан алды. Балтық елдеріндегі заң Қазақстанда жеке сот орындаушылар институтын құруға біршама жақын болды. Үлкен бастаманы сол елдің білікті мамандары да қоштады. Болгария секілді бірнеше мемлекеттің заңдарын да қарай отырып, шетел мамандарымен бірлесе отандық жеке сот орындаушылары туралы заң жобасы осылайша дүниеге келген.
Енді кім жеке сот орындаушы бола алады? Жауап – жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және республикалық палатаға кірген ел азаматы. Ал, жеке сот орындаушысының лицензиясы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану жөніндегі қызметпен айналысу құқығына берілген рұқсат. Оны уәкілетті орган тағылымдама мен аттестаттаудан өткеннен кейін береді.
Әуелгі сауалға оралсақ, жеке сот орындаушылары институты сот және өзге де уәкілетті мекемелердің атқарушылық құжаттарының орындалу деңгейін арттырып, сот орындаушысы мамандығының беделін қосымша бюджеттік шығындарсыз едәуір көтеруге септігін тигізеді. Жеке сот орындаушыларының мемлекеттіктен айырмашылығы – оның жұмыс ақысының жүйесі өте ыңғайлы. Себебі, ол қарыз адамнан белгілі бір бөлшегін алатындықтан жұмысының жылдам орындалуын басты назарға алады. Яғни, атқарушылық құжатты неғұрлым тез аяқтауға асығады. Нәтижесінде атқарушылық құжаттардың орындалу пайызы артады. Бұл азаматтардың сенімін арттырып, жеке сот орындаушыларының жұмысына қанағаттану қалыптастырады. Осы қысқаша берілген деректемелерді қорытындылай келсек, мақсат – жеке сот орындаушылары арасында адал бәсекелестікті тудыра отырып, халыққа жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Дегенмен, олардың заңды пайдалану құзыреті мемлекеттік сот орындаушысымен тепе-тең. Ал, негізінен жеке сот орындаушылары ешкімге тәуелді болмайды.
Бауыржан МЫРЗЕКЕНОВ,
жеке сот орындаушысы





