Күз мезгілі басталысымен тұрғындар жылыту маусымына дайындық жұмысына қауырт кіріседі. Жылдағыдай қала және елді мекен тұрғындары көмірді қамдап алудың қамына көшкен. Талдықорған қаласындағы көмір сатумен айналысатын тұйықтар мен қоймаларды аралағанда осындай көрініске куә болдық.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облыс тұрғындарының жылыту маусымындағы көмірге деген қажеттілігін шешу үшін 428,5 мың тонна көмір жеткізілуі керек. Талдықорған қаласында Қаражыра көмірінің бір тоннасы 18600, Шұбаркөл көмірі 20000 теңгеден, ал теміржол қатынасы жоқ аудандарда 25000-28000 теңге көлемінде сатылуда.
– Бүгінгі таңда облыста 125 мың тонна көмір сатылса, облыс аумағындағы 30 көмір түсіретін тұйық пен 5 қоймада 30 мың тонна көмір қоры бар. Тәулігіне орта есеппен 15 вагон, яғни 1035 тонна қатты отын жеткізіліп, түсірілуде, – дейді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Баясыл.
Көмір жеткілікті, бағасы да қалыпты, көмір алуға келгендердің қатары көп. Оның арасынан қала мен ауыл тұрғындарын да, табиғи газға қосылған және үйлеріне газ кіргізбеген тұрғындар да кездеседі. Солардың қатарында «Шайқорған» саяжайының тұрғыны Шайзада Мұсаева да бар.
– Қысқы көмірді ертерек алайық деп келіп тұрмыз. Қаражыраның көмірінен 4 тоннаға тапсырыс бердім. Бағасы 18600 теңгеден болып жатыр. Жуырда үйімізге табиғи газ кіргіздік. Қыстың көзі қырауда әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Газ желісінен ақау шығуы мүмкін, монша қыздыру керек. Сондықтан қосымша көмір түсіріп алмақпын, – дейді ол.
Халқымызда: «Қамданған қапы қалмайды» деген нақыл бар. Тұрғындардың дені көмірді пеш жағу үшін алып жатса, енді біреулері басқа да қажеттіліктеріне жаратуға түсіріп жатқанын білдік.
Қ. ОМАРАҚЫН





