Талдықорған қаласы тұрғындары көгілдір отынның қызығын көргелі бірнеше жыл болды. Ал қала іргесіндегі Ескелді ауданының елді мекендері мен Текелі қаласының тұрғындары көмір жағудың әуресінен құтылмай келіп еді. Міне, енді тұрғындардың сол арманы жүзеге асып, биыл қазан айында Ескелді ауданының Шымыр ауылы мен Текелі қаласының шағын-аудандарына табиғи газ құбыры жеткізіледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, Ескелді ауданындағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Бүгінгі таңда 8 ауылға газ жеткізілді. 9 елді мекенде газ тарату желісін салу жұмысы жүргізілуде. Ақтасты ауылы бойынша құрылыс-монтаждау жұмысына конкурс жарияланса, Жалғызағаш және Қайнарлы ауылдарының жобалық жұмыстары жүргізілуде. Негізінен ауданды газдандыру келесі жылы толығымен аяқталады. Бүгінгі таңда Шымыр ауылында газ желісін тарту жұмысы қарқын алған. Жалпы ауылға 38 шақырым газ желісін тарту керек болса, соның 50 пайызының құрылыс жұмысы аяқталған. Құрылыс жұмысын «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС жүргізсе, жұмыстың сапасын «Тұран құрылыс» ЖШС қадағалап отыр.
Бүгінде мердігер компанияның жұмысы қарбалас. Бір жақтан құбырларды сырлау, енді бір жақтан дәнекерлеу жұмысы жүріп жатса, жұмысшылардың тағы бір тобы газ жеткізетін қораптарды орналастырумен айналысуда. Мердігерлер жұмысты уақытында бітіру үшін жұмыс күшін еселей түскен. Қазір мұнда 5 бригада жұмыс атқаруда.
Текелі қаласына газ желісін тарту жұмысы да қарқынды. Естеріңізде болса, 2018 жылы «Талдықорған – Текелі» жоғары қысымды газ құбыры тартылған. Ал 2022 жылы Текелі қаласының ішкі газ тарату желісін салу жұмысы басталып, қомақты қаржы бөлінді.
– Жоба бойынша газ құбырының жалпы ұзындығы 195 шақырымды құрайды. Қазір 147,5 шақырым құбыр салынып бітті. 190 көпқабатты үйдің 176-сы газ желісіне байланыстырылды. Қалған жұмыс қазан айының соңына қарай аяқталады, – дейді Текелі қалалық автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ермек Жұмағалиев.
Текелі қаласына газ желісі толық тартылғанда қаланың 30 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының көңілі шат. Көгілдір отын оларды жылыту маусымында біраз әурешіліктен босататыны анық.
– Қалаға табиғи газ құбыры тартыла бастағалы қуанып жүрміз. Қыс бойы көмір жағудан құтыламыз. Оның үстіне, қосымша шаруашылықтармен айналысуға да мүмкіндік болады, – дейді қала тұрғыны Серік Мырқасымов.
Дегенмен, мердігер компания келісілген елді мекенге газ желісін тартып беруге жауапты. Ал әрбір тұрғын табиғи газды өз үйіне жеке қаражатымен кіргізеді. Текелі қаласының шағынаудандары мен Шымыр ауылына газ желісі жеткенімен тұрғындар толық газға қосыла алмайды. Өйткені, ол қаржыға тірелетіні анық. Сондықтан жерлестеріміз биылша қысқы отынын осы бастан даярлай бергені дұрыс шығар.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін өңірдің 506,6 мың тұрғыны бар 126 елді мекенін газдандыру жоспарланған. Газдандырудың екінші кезеңінде Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарының елді мекендері көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінде «Талдықорған – Үш- арал» магистральды газ құбыры құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Ауқымды жоба тамыз айының соңында іске асырыла бастайды деп жоспарланған. Оны аяқтаудың алдын ала белгіленген мерзімі 2026 жылдың соңы. Жобалардың барлығы жүзеге асырылғанда облыста газдандыру деңгейі 100 пайызға жетеді.
Қажет АНДАС





