«Ұмтылыс Q» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жетісу облысында студенттік және мектептік өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені» жобасының жұмысы жалғасуда. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте «Ұмтылыс Q» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Дәулет Ауданбаев баяндады.
Жоба барысында Жетісу облысының барлық жоғары, арнаулы, орта оқу орындарында студенттік және мектептік өзін-өзі басқарудың тиімді моделін құру және оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету дағдылары қалыптасады. Аталмыш жобаның мақсаты – студенттер мен оқушылардың дамуына жан-жақты көмек көрсету, қажетті дағдыларды үйрету. Оларды мәдени, ұлттық, рухани-адамгершілік құндылықтарға бағдарлау. Сондай-ақ, студенттер мен оқушылар арасында көшбасшыларды анықтау. Сонымен қатар, олардың қоғамдық-саяси өзгерістерге және елдің жарқын болашағына оң көзқарасын қалыптастыру мен жастар арасында қызығушылық, өз ойын білдіру, тәжірибе алмасу және белсенділік деңгейін арттыру үшін ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, аталмыш жобаға 22 млн. теңге қаражат бөлінген. Жоспар бойынша жоба шеңберінде тақырыпқа байланысты іс-шара 5000 адамды қамтуы тиіс. Ал 100 мың адам ақпаратпен қамтылады. Жастар арасында қызығушылық деңгейін арттыру, өз ойын білдіру, тәжірибе алмасу және белсенділік мақсатында кемінде 20 іс-шара, студенттер мен оқушылардың қоғамдық-саяси өзгерістерге және елдің жарқын болашағына оң көзқарасын қалыптастыру бойынша 50 іс-шара, өзін-өзі басқару көшбасшыларының 2 слеті және 200 адамның қатысуымен жазғы және қысқы лагерь өткізілетін болады. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруіне бағытталған бағыт тұлғаның көшбасшылық қасиеттерін анықтау және дамыту мәселесін көтереді.
Айғаным АЙТМҰХАН





