«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жылдан-жылға қарқын алып келеді.Облыстық байқауға былтырғы жылы 223 өтінім келіп түссе, биылғы жылдың 15 мамыр мен 15 маусым аралығында 415 өтінім қабылданған.
Ұлтымыздың танымында отбасы мен Отан егіз ұғым. Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Олардың жарқын ісі жалғасын тауып, кейінгіге өнеге болуы керек. Осы негізде 10 жыл бұрын бастау алған байқау бүгінге дейін талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Бүгінде соның жарқын үлгісін көре білдік.
Аталмыш байқауға облысымыздың барлық аймақтарынан – өнегелі отбасылары қатысып, ең үздіктері марапатталды.
Атап айтсақ, “Ғалымдар отбасы” номинациясымен талдықорғандық Есенғабыловтар, “Қазыналы отбасы” номинациясына текелілік Тұғылбаевтар, “Күміс шаңырақ отбасы” номинациясына ақсулық Тастамбековтар, “Қоғамда белсенді отбасы” номинациясына панфиловтық Батырбаевтар, ал “Іскер отбасы” номинациясымен ескелділік Тайжановтар ілікті.
Сайыста 3-ші орынды сарқандық Тұралықовтар мен кербұлақтық Қасеновтар иеленді. Ал 2-ші орын көксулық Үзембаевтар мен қараталдық Смағұловтарға бұйырды. Ал жүлделі 1-ші орын Алакөл ауданының намысын қорғап келген Алекеевтерге бұйырыпты. Байқауда топ жарған отбасы Республикалық додаға жолдама алды. Мерейі тасыған отбасыларға облыс әкімі Бейбіт Исабаев ізгі тілегін білдірді.
— Халқымыз қашанда отбасын Отанның бір бөлшегі деп білген. Атаны асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа, баланы жасыл құраққа теңеп, отбасындағы өзара сүйіспеншілік пен сенім, жауапкершілік пен құрмет сезімдеріне ерекше мән берген. Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Ұлттық декада «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» он күндігі аясында өткізіліп отыр. Отбасы мен жастар егіз ұғым. Бүгінгі байқауға қатысқан барлық отбасыларға үлкен алғыс білдіре отырып, байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шуақты ғұмыр, таусылмас бақыт тілеймін.
Бұл өнегелі отбасылар – Жетісу жерінің ғана емес, қазақ елінің мақтанышы болуға лайық деп білемін. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, шаңырағы биік, керегесі кең, ұл-қыздарымыз саналы болсын! Мерейлі отбасылар көбейе берсін!,- деді облыс әкімі.
Аталмыш мерекелік жиын жоғары деңгейде өтті. Оған дәлел жиналған көрерменнің қошаметі мен олардың қатысушыларға деген ыстық ықыласы.
Өнегелі отбасылар марапатталғаннан кейін асқақталған ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Жетісу жұртшылығына танымал өнерпаздар ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Аталмыш шара мерекелік көңіл-күймен аяқталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне жолдама алған Алекеевтер отбасына сәттілік тілейміз! Тарихы көрсетілген әулеттер жас буынға үлгі болады деген сенімдеміз.
Айғаным АЙТМҰХАН





