«Алтын белгі» – 11-сыныпқа дейін үздік оқыған оқушыларға берілетін белгі. Оқушылық кезеңде талмай талаптанған, ізденген, мектеп бағдарламасын меңгеруге барын салған үздіктерге берілетін сол дүниенің парқы қандай, салмағы бар ма? Түлек атанған шақта омырауына тағар бұл белгі бағалануда ма? Ойландыратын, ойланатын сауал.
Менің ойымша, бұл қазіргі өскелең ұрпақты мазалайтын үлкен мәселеге айналған дүние. Алайда біразы шырылдағанмен кейбіреу үшін үндемес, айшықтамас тақырып екені жасырын емес. Бұл үнсіздікті бұзып, үздіктер үніне айналдыру біздің парызымыз деп ойлаймын. Өз басымнан өткен мәселе болғандықтан бұл тақырыпты қозғамасқа болмады. 11 жылдық еңбектің дұрыс бағаланбағаны көңілге үлкен қаяу түсіреді. Мектеп табалдырығын аттағаннан түлек атанғанша үздік оқып, мемлекеттік емтихандарды жақсы тапсырғаннан бөлек, «Алтын белгіні» ақтап алу мақсатында күрделендірілген қосымша емтихандар тапсырудамыз.
Біршама жыл бұрын «Алтын белгінің» қадір-қасиеті зор болды. Яғни, белгіні тағынған әрбір түлек емтихансыз қалаған оқуына түсу мүмкіндігін иеленді. Қазіргі таңда бұл белгіні алған және алмаған оқушылардың айырмашылығы мүлдем жоқ.
Рас, ҰБТ жоғары оқу орнына түскісі келген әрбір түлек тапсыруға міндетті тестілеу. Егер де кімде-кім ҰБТ-дан жоғары балл жинаса, сол мемлекеттік грантқа ие болады. Яғни «Алтын белгі» иегері болсын-болмасын, бұл ешқандай рөл мен маңызға ие емес! Осы жерде түлектер арасында «Төсбелгі алуға ұмтылып, құштар болудың не маңызы бар?» деген үлкен сұрақ туындайды.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, мектепті қатардағы оқушы санатын толықтырып бітіріп шыққан балалардың оқуға түсіп жатқаны көп. Олардың бағын да, алған грантын да қызғанбаймыз. Десе де төсбелгі тағынған үздіктердің жайын да ел болып ойлаған жөн шығар…
«Білімді ұрпақ – келешек кепілі», – дей келе жастарды қанаттандырып, қанаттарын кең жаюға жағдай жасау керек. Сонда ғана, білімді ұрпақ елімізде қалып, елімізді көркейтіп шыңдайтын болады. Бағы емес, еңбегі бағаланатын ел болайық дегім келеді.
Беназир ТАЛҒАТОВА,
№15 орта мектебінің түлегі
Талдықорған қаласы





