Бүгінде туризм саласын дамыту маңызды. Өйткені, бұл ел экономикасын өркендетуге зор ықпалын тигізеді.
Аталған саланы өрістетуге Кербұлақ ауданында мүмкіндік мол. Өңірде қазір туристерді қабылдайтын 12 нысан жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 11 қонақүй, 1 аңшы үйі бар. Аудан аумағындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы туристік және экскурсиялық бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Аталған саябақ 3 туристік бағыт бойынша жұмыс істейді. Мәселен, бұл жерге былтыр 14 мыңнан аса адам келіп, 32,8 миллион теңгеге, осы жылдың 4 айында 5 875 адам қабылдап 5,8 миллион теңгеге қызмет көрсетілген.
Осы сала бойынша қонақүйлерге келген туристер де аз емес. Туризм саласына инвестиция тарту бойынша былтыр аталмыш саябақ аумағындағы «Асемтал» ЖШС «Визит» орталық құрылысын жүргізген. Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңге. Нәтижесінде 6 адамға жұмыс орны құрылған. «Визит» орталық туристерге ұлттық саябақ және ондағы туристік маршруттар туралы ақпарат береді. Сондай-ақ, экологиялық туризмді дамыту мақсатында жарнама дайындау және басқа да қызмет атқарады.
«Вершки» жеке кәсіпкерлігі Көксу ауылдық округінде «Шаңғы» базасы мен Көксу өзенінде «Рафтинг» демалыс аймағын салуды жоспарлап отыр. Екі жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Сөйтіп, 20 адамға арналған жұмыс орны ашылмақ. Шаңғы базасын салуға 62 гектар жер телімі қарастырылуда. Қазіргі таңда «Рафтинг» демалыс аймағын жүргізуге 1,8 гектар жер беріліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы





