Су шаруашылығы саласындағы мәселе өте өзекті. Осыған байланысты қазір көп жұмыс қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда су нысандарының басым бөлігінің тозығы жеткен. Мұндай мәселе Кербұлақ ауданында да кездеседі және ол шетінен ретке келтірілуде.
Осындай ескірулерден өңірде суармалы егістік алқаптарының көбі тәлімі жер ретінде пайдаланылып келеді. Биыл Еңкөл, Аралтөбе су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Жаманбұлақ, Талдыбұлақ, Матай су тоғандары да күрделі жөндеуден өтуде.
Ал келесі кезеңде Аралтөбе, Онжас, Қоғалы, Бастау, Қарлығаш, Қызылмектеп, Шымылдық, Майтөбе, Ақтөбе, Түлкілі суару арналарының 135 шақырымын қайта жаңарту көзделіп отыр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 136 миллион теңге қаражатқа жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Мердігер «Гидротехник Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қолға алынып жатқан бұл шаралар жалпы аумағы 9 515 гектар суармалы алқапты айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Оның сыртында аудан бойынша қант қызылшасының алқабын ұлғайту мақсатында Жоламан ауылдық округінен «Ақбастау» ЖШС 48 гектар, «Қызылшоқы» ЖШС 500 гектарға тамшылатып суару технологиясын енгізіп, қант қызылшасын екті.
Сонымен бірге Шанханай ауылдық округінен «Мұсаевтар» ШҚ 80 гектар, «Рауан» ШҚ 90 гектар алқапты суару үшін жаңбырлатқыш машиналар сатып алынып, бүгінгі күні қолданысқа берілді. Мемлекеттік ауыл- шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 14 шаруа қожалығы 257 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, ауылшаруашылығы, тауар өндірушілерін техникамен қамтамасыз ету үшін қажетті қолдаулар көрсетілуде.
Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы





