Қарапайым халық күрмеуі шешілмеген қиын мәселені жергілікті атқарушы орган өкілдеріне келіп айтатыны анық. Оны жауапты мамандар шеше алмаса Бейбіт Исабаевтың қоғамдық қабылдауына жазылады. Кезекті қоғамдық қабылдауға келген көпшіліктің сұрағына жеке-жеке көңіл бөлген аймақ басшысы әрбір мәселенің мәнісін анықтайды. Қоғамдық қабылдауға келген облыс тұрғындарының көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй, жер мәселесі бойынша өтініш білдірді.
Самат Алашбаев қабылдауға зайыбымен және мүмкіндігі шектеулі баласымен келген. Олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға көмек сұрады. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатында Ескелді ауданының тұрғын үй кезегіне №437 болып тіркелген. Қазір кезек саны 191. Бақтыбай ауылдық округі бойынша жер учаскесін алу үшін 67-кезекте тұр. Ескелді ауданының әкімінің айтуынша, С. Алашбаев мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін 3 жылдай күтуі керек. Ал жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Бақтыбай ауылында дайын жер телімі жоқ. Облыс әкімі тұрғын үймен заңсыз қамтамасыз етуге болмайтынын айтып, Ескелді ауданының әкіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін басқа ауылдан жер беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Ал жер дауын даулай келген кербұлақтық Ержан Молдахметовтың өтінішін облыс басшысы бірден облыс прокурорының бірінші орынбасарына тапсырды. Себебі, дауды тек сот шешімі арқылы ғана шешуге болады. Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатовқа жер қатынастары басқармасы басшысы Ермек Апековпен бірлесіп, арыз иесіне жер заңнамасын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Талдықорғандық тұрғындар, ата-анасынан айырылған Алина Гашкова, Әсия Әбиева,Икранбек Мейранбектің өтініші де баспанаға келіп тірелді. Бірі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана болса, екіншісі І топтағы мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты азамат. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге Әсия Әбиеваны жыл соңына дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе демеушілер есебінен баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды міндеттеді. Ал көз жанарынан айырылған азаматтың өтініші бойынша «Отбасы банкі» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінімді ресімдеуге жәрдемдесіп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан, демеушілер есебінен тұрғын үй беру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өтінішті аяқсыз қалдырмай, нәтижелі жұмыс жүргізу қажеттігін жеткізді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев баспана мәселесімен келген тұрғындарға өтініштер заң аясында қаралатынын айтты.
– Баспана тек заң талаптарына сай ғана беріледі. Заңды белшесінен баса алмаймыз. Заң талабына сай тұрғын үй кезегін 6 санатқа біріктіргеннен кейін кезек шамамен 3 есе артқа жылжыды. Қазір электронды кезек арқылы бәрі ашық әрі қолжетімді жүргізілуде. Біз халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша өте қарқынды жұмыс істеп келеміз. Сондықтан кішкене шыдамдылық танытып, кезектеріңізді күтуден басқа амал жоқ. Біз де қолымыздан келгенше барлық мүмкіндікті қарастырамыз, – деген облыс әкімі жауапты сала мамандарына бұл істің нәтижесін өз бақылауына алатынын айтты.
Алаяқтық іс бойынша Талдықорған қалалық полиция басқармасының жұмысына наразылық танытқан Сәуле Даукен, Гаухар Абыканова арыздарының үнемі қаралмай қалатынын айтты. Қазіргі таңда аталған қылмыстық іс облыстық полиция департаменті, тергеу басқармасының өндірісінде. Алтын сатумен айналысатын Гаухар Абыканованың айтуынша, талдықорғандық Леона Чукенова жалпы сомасы 26 миллион теңгеге 1240 грамм алтын бұйымдарын сату үшін алған. Алайда ақшасын бермей қойған. Ал Сәуле Даукеннен дәл сол адам 3 735 000 теңге қарызға алып, қайтармаған. Күйеуі Тілеухан Бекболаттан 13 миллион теңге қарызға алған. Осы істің аяқталмай келе жатқанына жылдан аса уақыт өткен соң шарасыз жандар облыс басшысынан көмек сұрай келіпті. Жұмыстың жүйелі, тұрақты атқарылмағанын айтқан Бейбіт Өксікбайұлы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайыновқа қылмыстық істің қаралу барысын жеке қадағалауға алуды қатаң табыстады.
Қоғамдық қабылдау соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтардан түскен арыз-шағымдар мен ұсыныстар заң аясында шешілетінін айтып, жауапты басшыларға тапсырма берді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





